Жаңалықтар

Перизат Қайрат ісінің шеңберінде қорларға қатысты заң қайта қаралады – Олжас Бектенов

Бектенов Перизат Қайрат ісіне қатысты пікір білдірді / Коллаж: kursiv.media

Премьер-министр Олжас Бектенов Перизат Қайрат ісіне және қайырымдылық ұйымдарының жұмысын реттеу мәселесіне қатысты пікір білдірді.

«Бұл жағдайдан хабарым бар. Өкінішке қарай, тек бюджет қаражаты ғана емес, азаматтардан жиналған қайырымдылық қаражаттары да мақсатсыз жұмсалып жатады — бұл соның айқын мысалы. Бұдан басқа да мысалдар бар. Бұл ең атышулы іс болып отыр, мәселе сонда», — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы қайырымдылық қорлардың есебі, бақылау мен ашықтықты қамтамасыз ету үшін заңнамалық тетіктерді қайта қарау қажет санайды.

«Үкімет тарапынан құқық қорғау органдарының материалдары негізінде нақты ұсыныстар әзірленеді деп ойлаймын. Осыған байланысты заңнамаға тиісті түзетулер енгізу арқылы мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алуға болады», — деп толықтырды премьер-министр.

Айта кетейік, қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы 14 шілдеде басталды. Алайда 15 шілдеден бастап Астана қаласы соты сот отырысына ZOOM арқылы қосылуға болмайтынын жеткізді. Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, журналистердің бұл іске қызығушылық танытып, онлайн қосылуы трансляция сапасын нашарлатқан. Соған байланысты БАҚ өкілдері істі сот ғимаратында басқа залда отырып, онлайн тыңдай алады.

Ал айыптау актісіне сәйкес, Қайрат басқарған қорға палестиналықтарға көмек үшін 566 миллион теңге көлемінде қайырымдылық қаражаты жиналған. Оның тек 7 миллион теңгесі ғана Палестина елшілігінің шотына аударылған. Қалған 559 миллион теңге Перизат Қайрат пен анасы Алашбаева тарапынан өз қалауынша жұмсалған.