Қазақстанда халықтың 17,5%-ы темекі шегеді – статистика

Қазақстанда темекі өнімдерінің бағасы өскелі, оны шегетіндердің саны азайып барады. Ұлттық статистика бюросының соңғы ұсынған мәліметіне сенсек, бүгінде қазақстандықтардың 17,5%-ы темекі шегеді.
Ұлттық статистика ересектердің темекі тұтынуы туралы кезекті жыл сайынғы зерттеуін жүргізді. Сауалнама республиканың барлық облысында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізілген. Оған 15 жастан асқан 12 000 үй шаруашылығының бір-бір мүшесінен қатысты.
«Алынған нәтижелер көрсеткендей, тексерілген үй шаруашылығы мүшелерінің жалпы санынан қазіргі уақытта халықтың 17,5%-ы темекі шегеді, 2024 жылы бұл көрсеткіш 20,7% деңгейінде болған»,– делінген хабарламада.
- Ауылдық жерлерде темекі шегетіндердің үлесі – 19,1%,
- қалалық жерлерде – 16,7%
- Ерлер арасында темекі тұтынушылардың үлесі – 34%,
- әйелдер арасында – 5%
Еске салайық, Қазақстанда ең арзан темекі бағасы 12,1%-ға көтеріліп, 920 теңге болды. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап жыл аяғына дейін осындай баға белгіленді.