Шардаралық шаруалар газ құбырын қазып алуға қарсы

Түркістан облысы Шардара ауданы Қоссейіт ауылдық округінің шаруалары егіндік жерінің астынан жүргізілген газ құбырын қазып алуды кейінге қалдыруды сұрайды.
Олардың айтуынша, қазір жоңышқа көктеп, мақта көсектеген кез. Газ құбырын қазса егіндікке зиян келеді. Оған қоса құбыр ондаған шаруаның егінін суғаруға арналған канал астынан да өткен. Егер канал бүлініп, су тоқтаса егіндіктің бәрі қурайды. Шаруалардың жанайқайынан ауылдық округінің әкімдігі хабардар. Әкімдік «газ құбырын қазып алуға соттың рұқсаты бар, сот шешіміне қарсы тұра алмаймыз, тек қопарылған жерді қалпына келтіруге көмектесеміз» деп отыр.
Жер астындағы құбыр мен шаруалардың жанайқайы
«Майра» шаруа қожалығының иесі зейнеткер Майра Шетенова 5,5 гектар жерге – жоңышқа, 25 гектар жерге мақта еккен. Ол бұл жерді 25 жыл бұрын 49 жылға мемлекеттен жалға алған.
Айтуынша, жер астындағы газ құбырын алу үшін әй-шәй жоқ көктеп өсіп қалған жоңышқаны қазып тастаған. Қарсылық білдірген қызы мен өзін полиция алып кеткен.
«Міне, ойрандап тастады. 5,5 гектар жоңышқаның бәрін құртты. Енді бұл жерден ештеңе ала алмаймын. Биыл жоңышқа қымбат. Қыста малға не беремін? Мұнда ондаған шаруа бар. Мына тұрған каналдан егінін суарады. Құбыр сол каналдың астынан да өткен. Қазір мақтаның гүлдеп, көсектеп жатқан кезі. Құбыр алуды тоқтатпаса, мақтамыз көктей солайын деп тұр. Осы егінмен күнімізді көреміз. Егін егу үшін қарызға ақша аламыз. Оны қалай қайтарамыз?», – дейді ол.
Шаруаның сөзінше, жер астына құбыр 40 жыл бұрын қойылған. 2 жыл бұрын құбырды қазып алуға Шардара аудандық соты шешім шығарған. Жоңышқамен бірге 25 гектар мақталық жерінің 2 гектары бүлінген. Еңбегі еш болып жатқанына күйінген ол егін егілмей тұрғанда құбырды қазып алуға болмас па еді деген ойын айтады.
Құбыр қазу тоқтамаса, ондаған шаруаның шығынға бататынын өзге диқандар растап отыр. Олардың сөзінше, құбырдың бір бөлігі егін алқабына құятын каналдың астында жатқан көрінеді. Егер құбырды қазуды тоқтатпаса шаруалар сусыз қаламыз деп алаңдайды. Олар өнім алғанша құбыр қазуды кейінге шегеруін сұрайды.
«Адамның еңбегі, маңдай тері ғой мынау. Егінге обал. Шаруалар көктемнен бері ішпей-жемей, бала-шағасының аузынан жырып еңбектеніп жүр. Бұл жерге несие алып, қанша ақша салдық. Құбырды егінді жинап болған соң, қазуын сұраймыз», – дейді Қоссейіт ауылының тұрғыны Салтанат Шәутікова.
Әкімдік уәжі
Қоссейіт ауылдық округінің әкімдігі шаруалардың мәселесімен таныс. Округ әкімі Нұрбол Жайнаровтың айтуынша, газ құбырын қазып алу жұмысы 2020 жылдан басталған. Бұған дейін өзге жер қазылған. Ал шаруа Майра Шетенованың иелігіндегі жер телімінің астында 1 шақырым құбыр жатыр.
2022 жылы «Ферум фтор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ҚазТрансОйл» компаниясынан газ құбырын қазып алып кетуге міндеттеме алған. 2022 жылы Шетенова жерді қазуға рұқсат бермеген. Сосын серіктестік сотқа шағымданған. Шардара аудандық соты құбырды қазып алуға кедергі келтірмеу туралы шешім шығарған. Бұған келіспеген Шетенова апелляциялық шағым түсірген. Сот оның шағымын қанағаттандырмаған.
«Қолымда құбырды қазып алуға кедергі жасамау туралы соттың атқару парағы да тұр. Сондықтан қазір қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шаруалар «Ферум фтор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен қазылған жердегі құбырды алып, қалған бөлігін күзде қазатын болып келіскен. Біз тек шаруаның қазылған жерін қалпына келтіруге көмектесеміз. Ал соттың шешіміне қарсы келіп, өзгеріс енгізе алмаймыз», – дейді әкім.
Десе де шарасыз қалған шаруалар егін басында «Ферум фтор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері жүргенінен сескеніп, құбыр қазуды жалғастыра ма деп алаңдайды. Олар кезектесіп егін басын күзетуден басқа амал қалмағанын айтады.
Kursiv.Media мән-жайдың анық-қанығын білу мақсатында «Ферум фтор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне хабарласқанымен, телефон тұтқасын ешкім көтермеді.