«730 мың теңге жәрдемақы алып отырған»: Сәкен Мамаштың әпкесі мәлімдеме жасады

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі болған Сәкен Мамашқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Ол қылмыстық кодекстің 110-бабы (қинау) бойынша айыпталып отыр. Іс Карина Мамаштың өтініші негізінде жабық форматта қаралып жатыр.
Істің мән-жайы
Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш 2024 жылдың мамырында видео жариялады. Ол 10 жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін айтқан. Сол жағдайдан кейін дипломат елге шұғыл түрде шақырылды.
Содан кейін дипломаттың үстінен іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеуді Астана қаласы Есіл ауданы полиция басқармасы жүргізді. Тергеу қылмыстық кодекстің 110-бабы (қинау) бойынша жүргізілген.
Экс-дипломат 2025 жылдың сәуірінде қамауға алынды.
«Қаржы жағынан тәуелді болмаған»
Сотталушы Сәкен Мамаштың қоғамдық қорғаушысы әрі әпкесі Нұржамал Ташкенбайқызы іске байланысты мәлімдемесін редакциямызға жолдады. Ол жерде әйел Карина Мамаштың материалдық жағынан күйеуіне тәуелді болмағанын айтқан.
«Карина шынымен материалдық жағынан тәуелді болды ма? Бұл сұрақты нақты фактілермен және дәлелдермен қарастырайық. Біріншіден, Каринаның «BNP Paribas», «ING Bank», «Emirates NBD» банктерінің кредиттік карталарында ай сайын 8 млн теңге болған.
Екіншіден, ол Kaspi картасын да пайдаланған, ай сайын бірнеше жүз мың теңгемен толықтырып отырған. Бұл қолма-қол мол ақша қаражатының болғанын да көрсетеді.
Үшіншіден, Омбы қаласында тұратын анасына көмектесу үшін ол СберБанк картасын қолданған», – дейді әйел мәлімдемесінде.
Айтуынша, Карина Мамаш ай сайын республикалық бюджеттен 1 400 АҚШ доллар жәрдемақы алып отырған.
«Күйеуі оған қымбат сыйлық – тон, алтын бұйым, бриллиант, IPhone сыйлаған. Оны ай сайын демалысқа апарған – қонақүй, мейрамхана, отбасына азық-түлік алып, балаларды қамтамасыз еткен. Карина тек жеке қажеттіліктері мен қалта шығындарын төлеп келген. Ол бұл 730 000 теңге жәрдемақыны өз қалауынша жұмсаған, бұл оның қаржылық дербестігін дәлелдейді», – дейді Нұржамал Ташкенбайқызы.
«10 мың доллар тұратын бриллиант талап еткен»
Нұржамал Ташкенбайқызы жолдаған хатында Карина Мамаштың жоғарыда айтылған деректердің ешқайсысын жоққа шығармағанын жазған.
«Карина бұл жайттың ешқайсысын жоққа шығарған жоқ. Тек күйеуінің оған көршісінің әйеліне алып бергендей 10 000 доллар тұратын «Louis Vuitton» сөмкесін алып бермегеніне ренжігенін айтты. 2023 жылы туған күніне Сәкен оған 3000 доллар тұратын бриллиант сыйлауды ұсынған, бірақ ол 10 000 доллар тұратын бриллиант талап еткен. Яғни, оның «материалдық тәуелділігі» 10 000 доллар деңгейінен басталған», – дейді әйел.
«Жеке өмірім жарияланғанын қаламаймын»
Сот басталған кезде Карина Мамаш соттың не себепті жабық өткенін қалайтынын түсіндірді.
«Жеке өмірім егжей-тегжейлі жария болғанын қаламаймын, екі балам бар, олардың психологиясына алаңдаймын», – деді ол.
@taubayqyzy Ответ пользователю @🇰🇿Saken Сұқбат 2024 жылы алынған #каринамамаш#сәкенмамаш ♬ оригинальный звук – Aigerim Taubay
Қандай жаза қарастырылған?
Қылмыстық істегі мемлекеттік айыптаушы Жәңгір Сәдуақасовтың айтуынша, қылмыстық іс үш томнан тұрады.
«Мамаш қылмыстық кодекстің 110-бабы (қинау) бойынша айыпталып отыр. Бұл бапта 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сотталушының кінәлі не кінәсіз екенін айтуға ерте, қорғау тарабы өз ұстанымын айтады», – дейді прокурор.
Айта кетейік, бұған дейін адвокат сотталушы Сәкен Мамаштың әйелін соққыға жыққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.