Алматыдағы Алатау ауданына кемі он мектеп керек

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Алматыдағы Алатау ауданына кемі он мектеп керек
Алматыдағы Алатау ауданына кемі он мектеп керек/Фото: shutterstock

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Алатау ауданында аудан әкімдігі, салалық басқармалар, коммуналдық қызмет пен тиісті ұйымдардың қатысуымен көшпелі жиын өтті. Басқосуда ауданның қордаланған мәселесі мен инфрақұрылымдық жобаларды жеделдету жолдары қаралған.

Коммуналдық желі мәселесі

Ауданда инвестиция көлемі ұлғайғанымен, Шаңырақ-1, Самғау, Өжет, Шапағат сынды бірқатар шағынауданда инженерлік желілер, соның ішінде су құбыры мен кәріз жүйесі әлі толық пайдалануға берілмеген. Бұған сорғы станциялары құрылысының аяқталмауы, коллекторлардың жоқтығы мен жер телімдерін рәсімдеудегі кідіріс себеп болып отыр.

Дархан Сатыбалды әр нысан бойынша инженерлік желілерді іске қосу кестесін осы жаздың соңына дейін әзірлеп, заңдық кедергілерді жоюды тапсырды.

Қала әкімі аппаратының басшысы Ерлан Исабековтің айтуынша, Рахат-Мәдениет, Ақбұлақ, Боралдай, Көкқайнар, Түркістан, Шапағат және Теректі шағынаудандарында инженерлік желілерді тарту жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Мұндай ірі жобаларда небәрі 15-20 жұмысшы мен 2-3 арнайы техника ғана тартылған. Егер қарқын өзгермесе, жоспардан айтарлықтай қалып қою және жобаны мерзімінде аяқтамау қаупі жоғары.

Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ, Ерлан Исабеков Алатау ауданы әкімдігінің санитарлық тазалық, көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы жұмыстары жеткіліксіз екенін атап өтті.

«Экология басқармасы нақты ұсыныстар дайындауға тиіс. Біз қаражат бөліп, ағаш отырғызып, аудан әкімдігіне тапсырамыз, бірақ кейін ағаштардың қурап қалғанын көреміз. Сонда мұның бәрін не үшін істеп отырмыз? Мұндай тәсілден нәтиже жоқ, оны өзгерту керек, – деді Алматы әкімі.

Халық санының өсуі

Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев халық санының өсуіне байланысты кемінде 10 жаңа мектеп салу қажеттігін айтты. Әйгерім мен Ақбұлақ шағынаудандарындағы екі мектеп биыл қыркүйекте пайдалануға берілмек, алайда бұл сұранысты толық жаппайды.

Қала басшысы тұрғын үй қорының ұлғаюын ескере отырып, жаңа мектептер салудың нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.

«Аудан әкімі ұсынған жер телімі шынымен бос болса, оларды бірден әлеуметтік нысандарға резервтеу қажет. Қазір ауқымды тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр, бірақ көбіне тұрғын үйлер салынады. Сіздермен бірге есепті көрдік қой: 154 мың бала болмақ, бұл кем дегенде 95 мектеп қажет деген сөз. Мұны алдын ала, жобалау сатысында ескеру керек», – деді Дархан Сатыбалды.

Кеңесте ауданның санитарлық жағдайы, қоқысты жинау, бейберекет үйілген қоқыстарды жою, арықты қайта жаңғырту, мектеп маңындағы аялдамалар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін ретке келтіру мәселелері де талқыланған.

Жарық пен инженерлік желі

2025 жылы ауданның басым бағыттарының бірі – жарықтандыру жобасы болмақ: 255 аумақта 3500-ден астам шам мен 2900 бағана орнату жоспарланған, оған аулалар мен кварталішілік көшелер де кіреді.

Қала әкімі қыркүйекке дейін дайын тұрған, бірақ іске қосылмаған инженерлік желілерді пайдалануға беру, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясындағы жобалардағы кешеуілдеуді жою, мектеп құрылысын жеделдету және жыл соңына дейін жоспарланған барлық аумақтарда жарықтандыру жүйесін іске қосу сынды бірқатар нақты тапсырма жүктеген.

Тұрғындармен кездесу

Кеңестен кейін қала әкімі Дархан Сатыбалды Алатау ауданы тұрғындарымен жеке қабылдау өткізген. Қабылдауға алдын ала өтініш берген азаматтар шақырылған. Қабылдау бекітілген кесте бойынша және кезек тәртібімен өткен.

Қабылдау қорытындысында Дархан Сатыбалды аудан әкімдігіне және тиісті қызметтерге барлық өтінішті жедел қарастырып, тиісті жерге барып, тұрғындарға ресми әрі негізделген жауап беруді тапсырған. Әкім жұмыстың мерзімі мен сапасы үшін басшылардың жеке жауапкершілігіне ерекше назар аударған.

Бұған дейін, Алматы әкімі кәріз суы жиналатын Сорбұлақ көлінің жағдайымен танысқан.

Сондай-ақ оқыңыз