
Абай облысы Бородулиха ауданының прокуратурасы үш орта мектептің 194 қызметкерінің жеке мәліметтері тарап кеткенін анықтады, деп хабарлады Бас прокуратура.
Заңбұзушылық мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізу барысында анықталған.
Хабарламаға қарағанда, білім беру мекемелері мемлекеттік сатып алу тәртібі бойынша медициналық тексеруден өту үшін қызметкерлердің тізімін жариялаған. Онда барлық қызметкердің жеке мәліметі, оның ішінде толық анкеталық мәліметтер, ЖСН және басқа да ақпараттар көрсетілген.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай мәліметтер міндетті түрде қорғалуға тиіс. Шектеулі қолжетімді ақпаратқа қол жеткізген тұлғалар оның құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті және мәліметтер иесінің келісімінсіз немесе заңды негіз жоқ жағдайда жеке ақпаратты таратуға құқылы емес. Мектеп басшылығының бұл талаптарды сақтамауы жеке мәліметтердің заңсыз мақсатта пайдаланылу қаупін туғызды», – делінген хабарламада.
Тексеру қорытындысы бойынша аудан прокуратурасы мектеп директорларын Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 79-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, 1 миллион теңгеден астам айыппұл салған. Сондай-ақ олар тәртіптік жазаға тартылған.
Бұған дейін, медициналық ұйымдардың қатесінен 16 млн қазақстандықтардың дерегі тарап кеткен.