Трамп санкциясын пысқырмайтын Путин Украинада ақырына дейін баруға бекінген – Reuters

Ресей президенті Владимир Путин Дональд Трамптың қатаң санкциялар туралы ескертулеріне қарамастан, Украинадағы соғысты тоқтатпайды. Тіпті әскері ілгерілеген сайын аумаққа қатысты талаптарын кеңейтуі мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі Кремльге жақын үш дереккөзге сүйеніп хабарлады.
Кремльдегі жағдайға қанық үш ресейлік дереккөздің айтуынша, Путин Батыстың қысымына бағынбайды әрі Мәскеу АҚШ-тың ресейлік мұнайды сатып алушыларға тариф енгізуіне төтеп бере алады деп санайды.
Путин өзіне «Украинада бейбітшілік орнатуға қатысты нақты ұсыныспен ешкім келмеді» деген пікірде. Оның бұл тұрғыдағы талаптары төмендегідей:
- НАТО-ның шығысқа қарай кеңеймейтіні туралы заң жүзінде міндеттеме;
- Украинаның бейтарап мәртебесі мен оның қарулы күштеріне шектеу қою;
- Украинадағы орыс тілді тұрғындарды қорғау және Ресей басып алған аумақтарды мойындау.
Сонымен қатар, дереккөздер Путин ірі державалармен Украинаға қауіпсіздік кепілдігі туралы келіссөз жүргізуге дайын екенін, бірақ бұл қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз екенін айтқан.
Путиннің ресми ұстанымы бойынша Қырым мен шығыстағы төрт облыс – енді Ресейдің құрамына кірген аймақтар, Киев бұл жерлерден бас тартпайынша бейбітшілік орнамайды.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский Киев Ресей басып алған аймақтардың егемендігін ешқашан мойындамайтынын әрі НАТО-ға кіруді өзі шешетін егемен ел болып қала беретінін айтып келеді.
Ашық дереккөздерге негізделген DeepStateMap барлау картасының деректері бойынша, Ресей қазіргі уақытта Украина аумағының шамамен бестен бірін бақылауда ұстап отыр. Соңғы үш айда шамамен 1415 шаршы шақырым алға жылжыған.
Қазіргі таңда Ресей 2014 жылы аннексиялаған Қырымды, сондай-ақ Луганск облысын толықтай, Донецк облысының 70%-дан астамын, Запорожье және Херсон облыстарының көп бөлігін, сондай-ақ Харьков, Сумы және Днепропетровск облыстарының бір бөлігін бақылауда ұстап отыр.
Дереккөздер Путин соғысты Украина қорғанысы толық құлдырағанға дейін жалғастырып, аумақтық амбициясын кеңейте бермек.
Дүйсенбі күні Трамп Путиннің атысты тоқтатуға келіспегеніне реніш білдіріп, Украинаға зымыранға қарсы Patriot жүйелері сияқты жаңа қару-жарақ жеткізілетінін мәлімдеген. Ол сондай-ақ бейбіт келісім 50 күн ішінде жасалмаса, Ресейге қарсы жаңа санкциялар салынатынын айтқан. Ол Путин Украинамен соғысты доғармаса, федерация тауарын, әсіресе мұнайын сатып алып отырған әріптестеріне «шамамен 100%» баж салығын салуды жоспарлап отыр.
АҚШ сенаторы Линдси Грэм Х желісінде Вашингтонның бұл жолғы талабы жай сөз еместігін меңзеп, Путин 50 күн ішінде АҚШ-тың соғысты реттеу туралы ультиматумына келіспесе, Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеиға қоңырау шалып, не болатынын сұрауы керектігін айтқан.
Сенатор сонымен қатар «Ресейдің арзан мұнайын сатып алып жатқан елдер» АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзіне сенуге тиіс екенін айтқан.