Енді қымбат көлік алғандар декларация тапсырады

Енді құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлікті, оның ішінде «мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік пен тіркемені» сатып алғандар табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыруға тиіс. Бұл туралы Kolesa.kz сайты жазды.
Бұл ереже ретроспективті түрде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енбек. Демек биыл және алдағы жылдары елде және шетелде сатып алынған құны 20 мың АЕК-тен асатын (78 640 000 теңге немесе 148.6 мың доллар) барлық автомобильді декларациялау керек.
Кіріс пен мүлік туралы декларацияны есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет. Яғни азаматтар 2025 жылғы декларацияны 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсырады.
Жаңа салық кодексінің жобасында ескі көлікке салық жеңілдігін беру және құны 75 млн теңгеден асатын қымбат машинаға қосымша акциз енгізу туралы ұсыныс бар.
Бұған дейін, жаңа салық кодексінің жобасына сенат тарапынан енгізілген өзгеріске сай, 8 млн адам салық декларациясын тапсырудан босатылатыны хабарланған.