
Халықаралық Fitch Ratings агенттігі Қазақстан Республикасының егемен кредит рейтингін «BBB» деңгейінде растап, ал болжамын тұрақты деп қалдырды.
Агенттік талдауынша, рейтингтің жоғары деңгейде сақталуына бірнеше фактор әсер еткен. Атап айтқанда:
- сыртқы резерв көлемі жоғары: бұған Ұлттық қордың активтері мен Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жатады;
- мемлекеттік қарыз деңгейі;
- экономикалық өсімнің тұрақтылығы.
Fitch сарапшылары мұнай-газ секторының маңыздылығын атап өткен. Олардың болжамынша, Теңіз кен орнындағы мұнай өндірісінің артуы әлемдік мұнай бағасының төмендеуін белгілі бір дәрежеде өтеуге мүмкіндік береді.
Агенттік салық жүйесін реформалау бойынша Қазақстан билігінің жоспарын да оң бағалап отыр. Бұл бастама орта мерзімді кезеңде бюджет тапшылығын қысқартуға сеп болуы мүмкін.
Сонымен қатар, Fitch мемлекеттік және квазимемлекеттік қолдау арқылы дамып келе жатқан нақты сектордың үлесі артып келе жатқанын айтады. Бұл фактор ел экономикасының диверсификацияланып, ішкі тұрақтылығын сақтап отырғанын көрсетеді.
Агенттік былтыр да Қазақстанның кредит рейтингін «BBB» деңгейінде растаған.