Жаңалықтар

Маусым айында инфляция 11,8%-ға жетті: азық-түлік, тауар және қызмет құны өсті

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылғы маусымда Қазақстандағы жылдық инфляция деңгейі 11,8% болды. Бұл өткен айдағы (мамыр – 11,3%) көрсеткішпен салыстырғанда жоғары. Инфляция өсімі елдің 18 өңірінде жеделдеген, тек 1 өңірде баяулаған, тағы 1 өңірде өзгеріссіз қалған. Бұл туралы Ұлттық банк ақпаратында жазылған.

Азық-түлік қымбаттады

Маусым айында азық-түлік бағасы жылдық мәнде 10,6%-ға дейін көтерілді. Салыстырар болса, мамырда бұл көрсеткіш 9,6% еді. Ақмола облысында баға 12,5% өскен, ал Алматы қаласында инфляция 8,7% құрады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы да көтерілді. Жылдық өсім 9,4% болды (мамырда – 9,0%). Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысында баға 12,5%-ға, ал Павлодар облысында бар болғаны 6,3%-ға өскен.

Ақылы қызметтер құны жылдық есепте 16,1%-ға өсті (мамырда – 16,0%). Бұл — инфляция құрылымындағы ең жоғары көрсеткіш. Бірақ Маңғыстау облысында бұл өсім республикалық орташа деңгейден төмен болып, 10,1%-ды құрады.
Маусым айында ел бойынша айлық инфляция деңгейі 0,8% болды. Бұл – бір ай ішінде тіркелген баға өсімі.