Ұлттық қорға алты айда 4,7 млрд доллар инвестициялық табыс түскен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media

2025 жылдың алты айында Ұлттық қордың валюталық активтері 4,7 млрд АҚШ долларына жуық инвестициялық табыс әкелді. Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді.

Маусым айының соңында Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі 60,3 млрд долларды құрады. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына бағытталмаған негізгі портфель жыл басынан бері 1,5 млрд долларға өскен.

«Әрине, белгілі бір деңгейде құбылу да байқалды. Мәселен, сәуірде АҚШ президенті Трамп енгізген сауда тарифтері нарықта қысқамерзімді толқу тудырды. Бірақ көп ұзамай жағдай тұрақталып, сауда саясаты төңірегіндегі келіссөздер оң нәтиже беретінін білдіретін белгілер мен риториканың жұмсаруы нарықтағы сенімді қайта қалпына келтірді», -дейді Молдабекова.

Қор активтерінің табыстылығы

Акциялар портфелі – ең жоғары табыс берген активтердің бірі. Ол алты айда 1,9 млрд доллар немесе 9,8% табыс әкелген. Бұл технологиялық, цифрлық компаниялардың өсуімен байланысты.

Дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларынан алынған табыс 1 млрд доллар немесе 6,7% болды. Инфляцияның төмендеуі және орталық банктердің базалық ставканы төмендету ықтималдығы осы өсімге негіз болды.

Алтын портфелі 0,8 млрд долларға немесе 25,5%-ға артты. Бұған алтын бағасының тарихи максимумға жетуі – 3 400 доллар/унция, сондай-ақ геосаяси тәуекелдердің күшеюі себеп болды. Ұлттық Банк ақпанда алтын сатуды уақытша тоқтатқан болатын.

Дамушы нарықтар активтері 600 млн долларға немесе 5,7%-ға өсті. Шикізат бағасының тұрақтануы мен инвесторлардың тәуекелге дайын болуы – негізгі факторлар. Корпоративтік облигациялар 400 млн долларға немесе 8,4%-ға артқан.

2025 жылдың бірінші жартысында республикалық бюджетке 3,12 трлн теңге көлемінде тікелей трансферт бөлінді. Қорға мұнайдан 1,8 трлн теңге кіріс түсті. Осы кезеңде 4,95 млрд доллар ішкі нарықта теңгеге айырбасталды.

Сондай-ақ оқыңыз