Зейнетақы қорындағы қаржы қайда инвестицияланады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың бес айында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржы (БЖЗҚ) 379,7 млрд теңгеге артып, 22,9 трлн теңгені құраған. Осы кезеңде қор 152,2 млрд теңге инвестициялық шығын шекті. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған «Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ағымдағы жағдайы» атты шолуда айтылған.

Есепті кезеңде қордың банк секторына салған қаражаты айтарлықтай қысқарған. Егер жыл басында банктердегі депозиттердің көлемі 696,9 млрд теңге болса, маусым айына қарай бұл көрсеткіш 139,4 млрд теңгеге дейін төмендеген. Депозиттердің жалпы инвестициялық портфельдегі үлесі 3,1%-дан 0,6%-ға дейін кеміген.

Мемлекеттік бағалы қағаздар үлесі өсіп отыр

Ұлттық қаржы құралдары арасынан ең көп өсім көрсеткен – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары. Жыл басынан бері бұл активтердің үлесі 3 пайыздық тармаққа артып, 44,4% құрады. Сома жағынан бұл 10,1 трлн теңгеге тең.

Сол сияқты шетелдік эмитенттердің мемлекеттік бағалы қағаздары да 14,2%-дан 15,2%-ға дейін өсіп, 3,4 трлн теңгені құрады. Ал халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары 1,7%-дан 1,9%-ға өсіп, көлемі 437,2 млрд теңгеге жеткен.

Шетелдік және корпоративтік қағаздардағы өзгерістер

Шетелдік жеке эмитенттердің бағалы қағаздары (облигациялар мен акциялар) бойынша да аздаған өсім байқалады: 2,8%-дан 3,2%-ға дейін жетіп, жалпы сомасы 730,2 млрд теңгені құраған. Дегенмен Қазақстан эмитенттері (жеке сектор) бағалы қағаздарынің үлесі 15%-дан 14,1%-ға, яғни 3,2 трлн теңгеге дейін азайған.

Сыртқы басқарудағы активтер

Сыртқы басқарудағы активтердің үлесі де біршама азайып, 21,3%-дан 20,4%-ға түскен. Сома жағынан бұл 4,6 трлн теңгені құрайды. Сонымен қатар, қолма-қол ақша және басқа активтер де қысқарып, 0,5%-дан 0,3%-ға дейін азайған. Бұл 63,1 млрд теңгеге тең сома.

Қазақстандықтарға зейнетақы жинағынан жалпы 8,2 трлн теңге төленген Оның ішінде 4 трлн теңгеден астамы тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалды. Маусым айында ғана 82,5 мың азамат өз жинақтарын пайдаланды, бұл өткен аймен салыстырғанда 35%-ға артық.

Сондай-ақ оқыңыз