Жас отбасылар 5 пайызбен баспана ала алады


Қазақстанда отбасы құрғанына бес жылдан аспаған жұптарға арналған арнайы ипотекалық бағдарлама бар. Ол «Жас отбасы» деп аталады. krisha.kz басылымының жазуынша, бұл бағдарлама арқылы жас жұбайлар 5 пайызбен баспана ала алады.
Бұл бағдарламаға қатысу үшін жас жұптың ресми отбасы құрғанына бес жылдан аспауы тиіс. Жұбайлардың жасы маңызды емес, бастысы неке мерзімі ғана есепке алынады.
Бағдарлама шарттары қандай
Бағдарлама шарттарына келсек, бастапқыда жылдық мөлшерлеме 6 пайыз болып белгіленеді, кейінірек ол 5 немесе тіпті 3,7 пайызға дейін төмендейді. Қарыз сомасы 100 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Бұл қаражатқа пәтер сатып алу, жер телімін алып, үй салу, тіпті жөндеу жұмыстарына да жұмсауға болады.
Бағдарламаға қатысу үшін алдымен «Жас отбасы» атауымен арнайы депозит ашу керек. Бұған дейін басқа шот болса да, жаңа шот ашу міндетті. Депозитті ерлі-зайыптының екеуі де ашуға құқылы, алайда несие рәсімдер алдында олардың біреуі екіншісіне шотын беріп, жинақты біріктіруі тиіс.
Ақшаны бірнеше жыл жинап, ипотеканы кейінірек рәсімдеуге болады, яғни, неке мерзімі бұл кезде шектеу болмайды.
Ипотека алу үшін нақты талаптар бар:
- Біріншіден, депозитке кемінде бір жыл бойы ақша салып отыру қажет.
- Екіншіден, болашақ үйдің құнының кем дегенде 50 пайызын жинау керек.
- Үшіншіден, бағалау көрсеткіші (ОП) 5 балдан төмен болмауы тиіс.
Бұл көрсеткіш сіздің салымдар көлеміне, жиілігіне және тәртібіне қарай есептеледі. Шотқа жүйелі түрде қомақты сома салып тұрса, соғұрлым бағалау көрсеткіші жоғары болады.
Бағдарламада алдымен аралық қарыз беріледі. Бұл бастапқы несие түрі, оны алған соң үш жыл ішінде тұрғын үй қарызына ауысасыз. Сол кезде пайыздық мөлшерлеме төмендеп, 6 пайыздан 5 немесе 3,7 пайызға дейін түседі.
Мысалы, егер сіз 25 миллион теңге тұратын пәтер алғыңыз келсе, оның жартысы; 12,5 миллион теңгесін жинақ ретінде өзіңіз саласыз. Қалған жартысын банк аралық несие ретінде береді. Осы соманы банкпен бекітілген кесте бойынша ай сайын төлеп отырасыз.
Бұ,ан дейін премьер-министр Олжас Бектенов қосылған құн салығының көтерілуі тұрғын үй бағасына қалай әсер ететінін айтқан. Үкімет басшысы салық кодексінің нормалары күшіне енгеннен кейін, баға саясатында күрт өсім болмайды деп сендірді.