
Ұлттық валютаның АҚШ долларына, Еуроға, Қытай валютасы юань және Ресей валютасы рубльге бағамын қарастырамыз

Негізгі валюталар. Жыл басынан бері қалай өзгерді?
Жыл басынан бері (YTD) 1 АҚШ доллары 0,29 пайызға, еуро 11,62 пайызға, юань 1,83 пайызға қымбаттаған.

Жыл басынан бері қалай өзгерді?/ Нұрсұлтан Ерболатұлы
Доллар бағамы мен долларизация динамикасы
2000 жылдан бері доллар бағамы 88 теңгеден 526 теңгеге дейін өсті. Бағаның күрт секірген жылдары — 2008, 2015, 2022, бұл кезеңдерде девальвация, мұнай бағасының құлдырауы және геосаяси шиеленістер әсер етті.

Долларизация 2015 жылға дейін шарықтап, депозиттердің 70%-дан астамы валютада сақталды. Бірақ 2016 жылдан бастап Ұлттық банк дедолларизация саясатын жүргізіп, валюталық депозиттер үлесі 1%-ға дейін қысқарған.
2022 жылдан бастап рубльдің құнсыздануы және геосаяси шиеленістер доллар бағамын қайта өсірді.

2020-2025 жылдар аралығындағы негізгі валюталар қалай өзгерді?
Доллар мен еуро: тұрақты өсу траекториясы
2020 жылы АҚШ долларының орташа бағамы 412,95 теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 511,64 теңгеге жетуі мүмкін. Бұл – 24% өсім. Еуро бұдан да қарқынды өсіп, 471,44 теңгеден 559,78 теңгеге дейін (18,7%) көтерілген.

Бұл екі валютаның өсуі біріншіден, теңгенің әлсіреуімен, екіншіден, сыртқы саудадағы долларлық және еуропалық есеп айырысудың басымдығымен түсіндіріледі. Сонымен қатар, инфляциялық қысым мен ішкі нарықтағы долларизация тренді де рөл атқаруда.
Юань: Қытай валютасының күшеюі

Қытай юанының бағамы 2020 жылғы 59,86 теңгеден 2025 жылы 70,54 теңгеге дейін өсуі күтілуде. Бұл 17,8% өсім. Бұл дерек Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-саттықтың артуы мен юаньның халықаралық валюта ретіндегі беделінің нығаюын білдіреді. Әсіресе «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Қытаймен экономикалық байланыстың кеңеюі юаньға деген сұранысты арттырып отыр.
Рубль: тұрақсыздық пен құлдырау

Ресей рублі – ең көп құбылған валюта. 2022 жылы 6,96 теңгеге дейін өскен рубль, 2024 жылы 5,08 теңгеге дейін құлдырады. 2025 жылы сәл көтеріліп, 5,92 теңгеге жетуі мүмкін. Бұл – жалпы тұрақсыздық тенденциясын көрсетеді. Ресейге қарсы енгізілген санкциялар, геосаяси шиеленістер және рубльдің ішкі нарықтағы қолдауының әлсіреуі бұл төмендеуге негіз болды. Сонымен қатар теңгемен есеп айырысу көлемінің артуы да рубльдің сұранысын шектеуде.