Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне өтті

Алматының «Орталық стадионында» өткен Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінің жауапты матчында «Қайрат» словениялық «Олимпияны» 2:0 есебімен ұтып, келесі айналымға жолдама алды.
Ойынның алғашқы минутынан-ақ алматылықтар шабуылды күшейтіп, 5-минутта Луиш Матаның асырған добын Жоржиньо баспен қақпаның оң бұрышына дәл бағыттап, есепті ашты.
Бірінші таймның өзінде «Қайрат» есепті еселеді. Бұл жолы Жоржиньо голдың авторы емес, пас беруші рөлінде көзге түсті. Оның тамаша пасынан кейін Александр Мрынский қақпашымен жеке шығып, есепті 2:0-ге жеткізді.
Еске сала кетейік, бұл жұптың алғашқы кездесуі 8 шілдеде Словения астанасы Люблянада өтіп, 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Қос кездесудің қорытындысы бойынша (3:1) «Қайрат» келесі кезеңге өтті.
Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Рафаэль Уразбахтин шәкірттері Финляндияның КуПС клубымен кездеседі.
Бұдан бөлек, 17 шілде күні тағы екі қазақстандық клуб «Ақтөбе» мен «Ордабасы» еурокубоктегі ойындарын өткізеді.