Президент Меруерт Камалиденованы Әлем кубогындағы жеңісімен құттықтады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шахматшы Меруерт Камалиденованы 2025 жылғы FIDE World Cup жарысындағы іріктеу кезеңінде көрсеткен жоғары нәтижесімен құттықтады. Тоқаев Грузияның Батуми қаласында өтіп жатқан байрақты бәсекеде танымал шахмат шеберлерін жеңген спортшыға арнайы жеделхат жолдады.
«Мемлекет өзіңіз сияқты талапты жастарға әрқашан қолдау көрсетеді. Елімізде бұл интеллектуалды ойын түрін жаппай дамыту үшін нақты шаралар қолға алынды. Өскелең ұрпақ өздеріңізге қарап бой түзейді. Әрбір жеңістеріңіз оларды жігерлендіреді», – делінген құттықтау хатында.
Президент Меруерт Камалиденоваға алдағы финалдық кездесулерде сәттілік тілеп, ел намысын абыроймен қорғауына тілектестік білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық шахматшылар Лондонда өткен әлем чемпионатында 4 медаль алған еді.