Қазақстан Ауғанстанмен сауда-экономикалық байланысты арттырады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Ақордада Ауғанстанмен сауда-экономикалық байланысты арттыру мәселесі талқыланды
Ақордада Ауғанстанмен сауда-экономикалық байланысты арттыру мәселесі талқыланды / Фото: Ақорда

Қазақстан Ауғанстанмен сауда-экономикалық және гуманитарлық сала бойынша байланысты арттырмақ. Ақорда хабарлауынша, бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауғанстан бойынша арнаулы өкіл Еркін Тұқымовты қабылдауы кезінде айтылған.

Президент Ауғанстан билігімен екіжақты қарым-қатынасты нығайтуда арнаулы өкілдің маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, Тұқымовқа бұл елмен сауда-экономикалық және гуманитарлық салалар бойынша өзара тиімді ықпалдастықты дамыта түсуді тапсырған.

Сонымен бірге Тоқаев Алматы қаласында ашылған БҰҰ аймақтық орталығының мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттарын айқындау мәселесін де назардан қалдырмаған.

Кездесу барысында Қазақстанның Ауғанстанға қатысты бастамаларын тоқтатпайтыны, өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мақсатында гуманитарлық және білім беру бойынша іс-шаралар жалғасатыны да айтылған.

Айта кетсек, Қазақстан Ауғанстанға теміржол салуды жоспарлап отыр. Тургунди-Герат бағытында салынатын бұл теміржол арқылы Ауғанстаннан маусымаралық кезеңде Қазақстанның батысына жаңа өнімдер жөнелтіліп отырады.

Бұдан бөлек Қазақстан Ауғанстанның пайдалы кен қазбаларына барлау жүргізуі де мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз