Қазақстан Иорданияға қой мен сиыр етін экспорттайды

Қазақстан Иорданияға ет экспорттайды. Ет экспортымен елде тіркелген 6 кәсіпорына айналысады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, министрлікке қарасты Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өкілдері мен Иордания Хашимит Корольдігінің ветеринариялық қызметі делегациясы кездескен.
Кездесу барысында қазақстандық сиыр еті мен қой етін, тірі малды Иордания нарығына экспорттау мәселелері талқыланған. Қазақстан тарапы ірі-қара мен ұсақ малға қалай ветеринариялық бақылау жүргізілетіні, қадағалау және сертификаттау рәсімдері, сондай-ақ отандық өнімнің жоғары сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін биологиялық қауіпсіздік шаралары қалай жүзеге асырылатынын түсіндіріп, тиісті құжаттарды ұсынған.
Нәтижесінде екі елдің өкілдері сиыр еті мен қой еті бойынша мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау үшін 6 қазақстандық кәсіпорынды Иорданияның ресми тізіліміне енгізу туралы келісімге келген.
Иорданияға мына кәсіпорындар ет жөнелтеді:
- Батыс Қазақстан облысынан – «Батыс-НЫК» ЖШС, «Батыс Марка Ламб» ЖШС;
- Түркістан облысынан – «Қайып ата» ЖШС, «Түркістан ет комбинаты» ЖШС;
- Алматы қаласынан – «Almaty Royal Food» ЖШС;
- Абай облысынан – «Abaya meat processing factory» ЖШС.
Айта кетейік, Қазақстан сонымен бірге Қатар еліне де ет экспорттайды. Бұл елге 2024 жылы 750 мың доллардан асатын сомаға қой мен ешкі еті жөнелтілген.