Қыз алып қашқандар 10 жылға дейін сотталады: Тоқаев заңға қол қойды

Қыз алып қашқандар енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті заңға қол қойғанын президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Қол қойылған заңға сәйкес мынадай кодекстерге өзгеріс енгізілген:
- Қылмыстық кодекс;
- Қылмыстық-процестік кодекс;
- Қылмыстық-атқару кодексі;
- «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі;
- «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заң;
- «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» және бірқатар заңдарға түзету енгізілген.
Ақорда мәліметінше, түзетулердің бірінші блогында қылмыстық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету көздеген. Екінші блогта қылмыстық заңнаманы жетілдіруді және кейбір қоғамдық қауіпті әрекеттер үшін жауапкершілікті арттыру мәселесі қамтылған. Ал үшінші блог қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, қылмыстық процесті оңтайландыруға, төртінші блог қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіруге бағаттылған.
Қыз алып қашу
Бұл заңның басты жаңалығы – қыз алып қашуға қатысты нормалардың қатаңдайтынында. Енгізілген заңнамалық нормаларға сәйкес, қыз алып қашу әрекеті енді қылмыстық санатқа жатқызылып, мұндай іс-әрекетке барған тұлға сот алдында жауап береді. Алайда бұл өзгерістер елде қыз алып қашуға толықтай тыйым салынады дегенді білдірмейді.
Егер қыздың ерікті келісімі болса, жігіт қылмыстық жауапқа тартылмайды. Парламентте заңды таныстырған депутат Абзал Құспан бұл заңның дәстүрге кедергі болмайтынын жеткізді.
«Дәстүрімізде бар, өзара таныс-біліс, өзара келісіммен алып қашуға бұл заңның қатысы жоқ. Бұл жерде қыздың өз еркінен тыс, мәжбүрлеп, тіпті күш қолданып, алып қашуға қатысты мәселе қозғалып отыр», – деді ол.
Қыз алып қашқандарға қандай жаза қолданылады?
Қыз алып қашқандар жеңіл жазамен құтылуы мүмкін немесе темір торға тоғытылады.
- Егер қыз алып қашу кезінде күш қолданылмаса және денсаулыққа зиян келтіретін зорлық-зомбылық жасалмаса айыппұл салынып, жеңіл әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін.
- Топпен жасалса, яғни қызды бірнеше адам бірігіп алып қашса, ауыр қылмыс саналады.
- Алып қашу барысында денсаулыққа зиян келтірілсе, солайша қыздың физикалық немесе психологиялық денсаулығына зиян келген болса бұл да аса ауыр қылмыс санатына жатқызылып, жазасы едәуір қатаңдайды.
Жалпы қылмыстың ауырлығына байланысты 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.