Жатыр мойны эрозиясы дегеніміз не? Диагноз қаншалықты қауіпті?

Жатыр мойны эрозиясы диагнозы әдетте – 35–40 жасқа дейінгі әйелдердің шамамен 50%-ында кездеседі. Мұндай диагноз көптеген әйелдерге қойылады. Алайда «жатыр мойны эрозифясының» атауы қате, оның жатыр мойнына еш қатысы жоқ. Жалпы, эрозияны қалай емдейді, дәрігерлер «күйдіруді» ұсынса, келісу керек пе? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
«Жатыр мойны эрозиясы» дегеніміз не?
Халықаралық аурулар классификациясында «жатыр мойнының эрозиясы немесе эктропионы» деген диагноз бар. Бірақ іс жүзінде дәрігерлер бұл ауруға «эрозия» деген атауды қолданбайды. Медициналық тұрғыда «эрозия» – шырышты қабықтың немесе терінің беткі жарақаты, ал эктопия кезінде жатыр мойнында ешқандай жара болмайды. Яғни, «жатыр мойны эрозиясы» деген атау ескірген.
Сол себепті қазіргі таңда бұл жағдай эктопия, эктропион немесе жалған эрозия деп аталады. Бұл – жатыр мойнының ішкі бөлігінде орналасуы тиіс жасушалардың сыртқы бөлікке, қынапқа қарай шығуынан болады.
Эктопия қалай пайда болады?
Жатыр мойнының сыртқы жағы – ашық қызғылт жалпақ эпителиймен, ішкі жағы – қызыл түсті безді эпителиймен қапталған. Әдетте бұл екеуінің шекарасы мойын каналының ішінде болады. Бірақ кейде бұл шекара ығысып, безді эпителий сыртқа шығып тұрады — дәрігер бұл айырмашылықты тексеру кезінде байқайды.
Эктопияның негізгі себебі — эстроген деңгейінің жоғары болуымен байланысты. Сондықтан мұндай диагноз жасөспірім қыздарда, гормоналды контрацептив қолданатын әйелдерде, жүкті әйелдерде жиі кездеседі. Ал менопауза жақындағанда эстрогеннің азаюына байланысты эктопия диагнозы сирек қойылады.
Эктопия белгілері
Көп жағдайда эктопияның белгілері байқалмайды. Кейде қынаптан көп сұйықтықтар бөлінуі мүмкін. Сонымен бірге жыныстық қатынастан кейін қызғылт қан бөлініп, ауырсыну сезімдері пайда болып жатады.
Қазіргі таңда эктопияны емдеуге қатысты дәрігерлер көзқарасы өзгерген. Заманауи медицинада эктопия емделмейді. Себебі бұл диагноз обыр ауруына және бедеулікке алып келмейді. Сондай-ақ жүктілікке де теріс әсері жоқ.
Эктопия әйелдердің өмір сапасына теріс әсер еткен жағдайда ғана күйдіру немесе басқа да заманауи тәсілдермен емделуі мүмкін. Мұндайда әйел қабылдап жүрген гормоналды дәрілер тоқтатылады және эктопия орны криохирургия немесе электрохирургия арқылы күйдірілуі мүмкін.
Қазақстанда қалай емделеді?
Қазақстанда 2015 жылы әзірленген жатыр мойны эктопиясын емдеу хаттамасына сәйкес мынадай алгоритм қолданылады: егер әйелді тексеру кезінде эктопия анықталса, бірақ әйелдің өзінің шағымдары болмаса, дәрігер ешқандай ем жазбайды. Егер, шағымдар болмағанына қарамастан дәрігер сізге эктопияны бірден күйдіруді ұсынса, асқпаған жөн. Мұндайда екінші дәрігерге қаралып, басқа маманның пікірін тыңдаған дұрыс. Өйткені бұл диагноз емдеуді еш қажет етпейді. Себебі, эктопияны күйдіру жолымен алудың зиянды тұстары жетерлік. Мәселен, эктопияны күйдіру кезінде жара орны асқынып, қан кетуі мүмкін немесе инфекцияға ұласуы ғажап емес.
Дәрігерлер эктопия симптомдары бар әйелдерге дұрыс диагноз қоюы маңызды. Ол үшін дәрігерлер әйелді жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға тексеріп, қабыну процестерін емдеу керек. Себебі жатыр мойны эктопиясы қатерлі ісікке айналмағанымен, оған ұқсас немесе қатар жүретін обыр алды жағдайлары туындауы да мүмкін. Мұндай қауіптің алдын алу үшін әйелді жатыр мойны қатерлі ісігіне скринингтен өткізу қажет. Өзгерген жасушаларды анықтау үшін жатыр мойнынан цитологиялық жағынды алып, зерттеуге жіберіледі. Ал жатыр мойнындағы эктопия кольпоскопиялық тәсілмен тексерілуі керек.
Автор: Екатерина Кушнир