
Осы жылдың алғашқы алты айында «ЦентрКредитБанкі» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» және «ҚазМұнайГаздың» акциялары нарықта ерекше сұранысқа ие болды. Бұл жайлы жартыжылдық есепте KASE төрағасы Әділ Мұхамеджанов айтты.
«ЦентрКредитБанктің» акциялары алты ай ішінде бірден 55%-ға қымбаттап, бір акциясы 3400 теңгеден сатыла бастады.
Қазақстан Халық банкінің құнды қағаздары 23%-ға өсіп, 316 теңгеден, ал «ҚазМұнайГаз» акциялары 13%-ға қымбаттап, 16 616 теңгеден саудаланды. Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» акциялары 12%-ға өсіп, 22 599 теңгеден сатылды.
Акциясы арзандаған компаниялар қатарына KEGOC (-5%), «Қазақтелеком» АҚ (-7,5%), «Эйр Астана» (-10,7%) және Kaspi Bank (-16,1%) бар.
Жалпы 2025 жылдың басынан бері қор биржасында көлемі 163,4 млрд теңгеге акциялар саудаланған. Бұл былтырғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 5,8% немесе 9,0 млрд теңгеге артық. Бір күнде жасалған сауда-саттықтың орташа көлемі – 1,4 млрд теңге,
Облигациялар нарығы
KASE-дегі облигациялар нарығында да өсім бар. 2025 жылдың алғашқы алты айында 131 компания корпоративтік облигацияларын 564 рет биржаға орналастырған. Жарты жылда бұл секторда жасалған сауда көлемі 2,2 трлн теңгеге жетті. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 44,6% немесе 693,7 млрд теңгеге артық. Сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 19,1 млрд теңге (қайталама нарықта – 3,1 млрд теңге),.
Қазақстан қор биржасына жеті халықаралық ұйым да облигацияларын орналастырды. Олардың қатарында Азия даму банкі, Еуразия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы, Халықаралық қайта құру және даму банкі, Еуропа инвестициялық банк мен Ислам корпорациясы бар.
2025 жылдың алғашқы алты айында аталған ұйымдардың сауда-саттық көлемі 219,9 млрд теңгені құрады.