
Қазақстан қор биржасының жаңа төрағасы Әділ Мұхамеджанов алғаш рет ресми түрде журналистер алдына шығып, KASE-нің жартыжылдықтағы жұмысына есеп берді. Цифрлық теңге жобасы, жаңа Салық Кодексі тәрізді сұрақтарға жауабын айтты.
Жаңа төраға қор биржасының Ұлттық банкпен бірге цифрлық құралдарға қатысты заң жобасын әзірлеуге қатысып жатқанын атап өтті.
«Қазір Ұлттық банк нарық қатысушыларымен бірге цифрлық-қаржы активтері жайлы заңды аяқтап қалды. Меніңше, цифрлық құралдар әлемінде Қазақстан қор биржасы айтарлықтай орын алады. Орталық депозитариймен бірге ішкі архитектурамызды реттеп, жаңа нарыққа кіру үшін дайындалып жатырмыз», – деді ол.
Қор биржасы төрағасының сөзінше, цифрлық теңге жайлы заң қабылдағаннан кейін ғана нақты әрекет туралы айтуға болады. Бірақ болашақта Қазақстан қор биржасында цифрлық теңге саудалануы мүмкін екенін де атап өтті.
«Ондай нұсқаны да қарастырамыз», – деді ол Kursiv журналисінің сұрағына.
Күні кеше Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов қаржы заңнамасы бойынша ауқымды реформалар әзірлеп жатқанын жариялаған еді. Жаңа құжат «банктер, төлемдер, бағалы қағаздар нарығын дамыту және басқа да мәселелерді» қамтиды.
Салық Кодексі нарыққа қаншалықты әсер етті?
Журналистер жаңа Салық кодексінің нарыққа қаншалықты әсер еткені жайлы да сұрады.
«Біз ол процесті (заң жобасы қабылдануы – ред.) ерекше бақылаймыз, нарықтың әсері қалай болатынын байқап отырмыз. Бірақ Қазақстан қор биржасына берілетін жеңілдіктердің көпшілігі сақталды, сондықтан айтарлықтай әсер бола қоймайды деп сенеміз. Бірақ сол болжам аясында біршама күрт құбылыс болғанын көрдік. Ол да барынша қалпына келеді деп ойлаймын», – деп атап өтті Әділ Мұхамеджанов.
Еске салайық, жаңа Салық Кодексін Парламенттің қос палатасы қабылдады, енді президент қол қоюы керек. Қаржы министрі Мәди Тәкиев құжат әрбір салық төлеушіге егжей-тегжейлі түсіндіріледі деп уәде берді
Forte Bank акцияларының күрт өсуіне не себеп болды?
Қор нарығындағы тағы бір құбылыс – Forte Bank акцияларының күрт өсіп кетуі. Өткен аптада банк акциялары 7 теңгеден бірден 38 теңгеге дейін қымбаттады. Құнды қағаздар бірден үш есе өсіп, шырқау шегінде 44 теңгеге дейін жеткен еді. Нарық қатысушылары бұған Forte-нің Home Credit банкін сатып алуы себеп деп түсіндірген еді. Әділ Мұхамеджанов сөзінше, акционерлердің дивиденд төлеуі жайлы жаңалық та ықпал еткен.
«Акцияның өсуіне – дивиденд төленеді деген акционерлердің шешімін күту әсер етті, одан бөлек спекуляциялық себеп болуы мүмкін. Бірақ акция нарығында «салқындау» процесі жүріп жатқанын байқадық. Ол жерде нақты бір ғана ойыншы болған жоқ, қатысушылар үлесі айтарлықтай көп болды», – деді ол.
Қазір Forte акциялары 23 теңгеден саудаланып жатыр.
27 маусымда «ForteBank» АҚ Home Credit Bank-ты сатып алғанын жариялады. Келіссөздер шамамен үш ай жүргізілген, ал екі банкті біріктіруге бір жылдай уақыт керек.