Еуропа елдері Украина үшін қару-жарақ сатып алудан бас тартты

Еуропадағы кейбір елдер Украина үшін америкалық қару-жарақ сатып алудан бас тартты. Италия, Франция және Чехия бұл келісімге қосылмайтынын жариялады.
Еуропалықтар Трамптың ұсынысынан неге бас тартып жатыр?
Алғашқылардың бірі болып Франция келісімге қатыспайтыны белгілі болды. Бұл жайлы француз шенеуніктеріне сілтеме жасаған Politico жазды. Олардың сөзінше, Париж Еуропада жеке қорғаныс-өндіріс базасын құрғанды дұрыс көреді. Сол үшін қазір Франция үкіметі қорғаныс шығындарын көбейтуге тырысып жатыр. Оның үстіне елде бюджет тапшылығы және мемлекеттік қарыз деген мәселе бар.
Осыдан кейін Италияның да қару-жарақ сатып алуға қатыспайтыны анықталды. Бұл жайлы дереккөздерге сілтеген La Stampa басылымы жазды. Италиялық шенеуніктердің сөзінше, Рим АҚШ-тан бұрын жоспарланған F-35 жойғыш ұшақтарының ескі партиясын ғана сатып алуды көздеп отыр. Ал енді сатып алу керек деген америкалық қару бұрын Италияның Киевке берген техникадан аса айырмашылығы жоқ. Оның үстіне қаржыландырумен де мәселе бар көрінеді.
Басылымның жазуынша, Италия қару-жарақ сатып алудан бас тартқанмен, НАТО жіберген қаруды тасымалдауға көмегін бермек.
АҚШ президенті Донадьд Трамп ұсынысынан бас тартқан тағы бір ел – Чехия. Елдің премьер-министрі Петр Фиала Украинаға жіберетін қару-жарақ қорын одақтастар өздері толықтырмақшы екенін айтқан.
Чех Республикасы Украинаға көмектесудің басқа жобалары мен тәсілдеріне, мысалы, оқ-дәрі жеткізу бастамасына назар аударып отыр. Сондықтан бұл жобаға қосылу мүмкіндігін қарастырып отырған жоқпыз», – деді чех үкіметінің басшысы.
Трамтың ұсынысы қандай?
Бұған дейін Дональд Трамп НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен кездесуінде еуропалықтарға Украина үшін қару-жарақ сатып алуды ұсынған. Axios басылымының жазуынша, Ақ үй альянсқа ымырандар, әуе шабуылынан қорғаныс кешендері, артиллериялық снарядтарды таныстырған. Жалпы құны шамамен 10 млрд долларды құрайды.