ОПЕК мұнай бағасын әдейі төмендетеді деген күдік бар

Мұнай бағасын алдын ала болжауға бола ма? Қазір мұнай бағасының арзандап кетуі қолдан жасалған ба? Карнеги Ресей және Еуразия орталығының (Берлин) аға ғылыми қызметкері, мұнай-газ саласындағы жетекші сарапшы Сергей Вакуленко Oninvest жобасына келіп, осы сұрақтарға жауап берді.
Вакуленконың сөзінше, мұнай бағасын алдын-ала болжау мүлде мүмкін емес.
«Мұнай бағасын ешкім болжай алмайды. Болжай аламын деген адам – ол алаяқ және оған сенудің қажеті жоқ. Бағаға қатысты сценарий, таргет, көкжиегін айтуы мүмкін. Бірақ нақты болжамды ешкім жасамайды», – дейді ол.
Бірақ халықаралық ұйымдар нарыққа әсер етіп, бағаны реттеп отыратынын атап өтті. Мәселен, Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс боларын ОПЕК+ алдын-ала біліп, өндірісті әдейі ұлғайтып жіберді деген күдік бар.
«ОПЕК нақтысын айтқанда ОПЕК ішіндегі белгілі бір топ Иран Израиль арасындағы қақтығыс басталғанға дейін мұнай бағасын әдейі төмендетіп отырды. Олар онсыз да өндірісті ұлғайтамыз деп жариялаған еді, ол жағдайдан кейін (қақтығыстан кейін – ред.) барлығы тіпті жылдамдап кетті. Сәуірде басталды, мамыр, маусымның басына дейін жалғасты. Сол кезде көпшілігі неге өндірісті тым жылдам ұлғайтып жіберді деп сұрақ қойған еді. Қазір олар (ОПЕК – ред.) бірнәрсені алдын-ала білді деген күдік бар. Яғни Иран мен Израиль қақтығысынан кейін болатын шокты жұмсарту үшін алдын ала өндірісті ұлғайтты деген күдік бар. Бірақ оны растау өте қиын», – деп түсіндірді Сергей Вакуленко.
Сарапшының айтуынша, әр бес жыл сайын ОПЕК-тің нарықтағы бағаны төмендетіп отыратынын байқауға болады. 2008, 2014 және 2020 жылдары сол үрдіс байқалған. Оған не себеп? Нарықты заңсыз ойыншылар көбейіп, мұнай бағасының жоғары болуын тым асыра пайдаланып жібергендіктен ОПЕК әдейі нарықты реттеп отыратын көрінеді.
«Мұнай бағасының ұзақ уақыт бойы төмен болғаны ОПЕК-ке де тиімсіз. Бірақ «айдалада жатқан батпан құйрық жоқ» деп нарықтың есіне салып тұрады», – дейді сарапшы.
Еске салайық, Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс кезінде әлемде мұнай бағасы күрт арзандап кетті. Екі ел бітім жариялағанына қарамастан, қара алтын бағасы 3%-ға төмендеп, барреліне 69,3 доллар болған еді.
Қазақстан ОПЕК+ аясындағы келісімді неге орындамайды?
Сергей Вакуленко Қазақстанның ОПЕК+ аясындағы келісімді орындауына қатысты да пікір білдірді. Оның түсіндіруінше, келісімді бұзуға елде жұмыс істейтін трансұлттық компаниялар себеп болып отыр.
«Қазақстан ұзақ жылдар бойы өндірісті ұлғайту үшін миллиардтаған доллар салды. Бірақ қазіргі жағдай қызық. Қазақстан сөз жүзінде ОПЕК+ келісімін орындаймыз дейді, ал іске келгенде басқаша. Біз өндірісті қуана азайтар едік, бірақ оңбаған, қанішер трансұлттық корпорациялар бар ғой. Олар келісімге келмей жатыр, өндірісті көбейте береді деп қазақ үкіметі алақанын жайып отыр», – дейді Сергей Вакуленко.
Ал елдегі трансұлттық корпорациялар өнімді бөлу келісім аясында жұмыс істейді және үкімет те оларға ештеңе істей алмайды.
«Тіпті осыған дейін қазақ билігі сол корпорацияларды тепкілеп, неге өндірісті ұлғайтпайсыңдар деп келді емес пе», – деді сарапшы.
Қазақстанда бірнеше шетелдік компаниялар мұнай өндіруімен айналысады:
- «ҚазМұнайГаз» – ұлттық мұнай-газ компаниясы.
- Теңізшевройл (ТШО) – бұл бірлескен кәсіпорын, оның акционерлері:
- Chevron – 50%
- ҚазМұнайГаз – 20%
- ExxonMobil – 25%
- Лукойл – 5%
- NCOC (North Caspian Operating Company) құрамында: Eni, Shell, TotalEnergies, ExxonMobil, ҚазМұнайГаз, Inpex және CNPC.
- KPO (Karachaganak Petroleum Operating) құрамында: Eni, Shell, Chevron (18%), Лукойл және ҚазМұнайГаз бар.
Тоқсаныншы жылдары Қазақстан үкіметі мен шетелдік компаниялар өнімді бөлу туралы келісімге қол қойған. Ол құжат бойынша, Теңіз бойынша шарт 2033 жылы, Қарашығанақ пен Қашаған бойынша шарт 2037 және 2041 жылдары аяқталады. Бірақ келісімнің мазмұны көпшілікке жарияланған жоқ.
Осы жылы қыста Тоқаев ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді ұзарту бойынша тапсырма берген.
Халықаралық журналистердің зерттеуінше, Қазақстан үкіметі Қашаған мұнай-газ кен орнын өндіретін North Caspian Operating Company (NCOC) тобы табыстың 98%-ын өзіне қалдырады.