Ердоғанның саяси бәсекелесі Имамоғлу сотталды

Түркия президенті Реджеп Ердоғанның саяси бәсекелесі Экрем Имамоғлу 1 жыл 8 айға сотталды. Бұл туралы Hurriyet түрік басылымы хабарлады.
Басылым мәліметінше, сот Ыстанбұлдың бұрынғы әкімі Имамоғлуды «терроризммен күрес қызметінің өкілдерін қудалады» деген айып бойынша ақтады. Алайда сот саясаткерді «қызметін орындап жүрген азаматтарды көпшілік алдында балағаттағаны» үшін 1 жыл 5 айға, «қорқытып-үркіткені» үшін тағы 2 ай 15 күнге соттады. Имамоғлу барлығы 1 жыл 8 ай түрме жазасына кесілді.
Hurriyet сот процесі кезінде прокурор мен Имамоғлу арасында кикілжің болғанын жазды. Судья сотталушыдан анық сөйлеуін, тағылған айыптарды жоққа шығаруын сұраған. Саясаткер: «Түркияда осы уақытқа дейін мені осылай қыспақта ұстаған емес» деп жауап берген. Сосын ол прокурорға қараған, ал ол саясткерден өзіне қарамауды өтінген. «Маған сізге қарауға тыйым салынған ба? Құрметті судья, маған прокурорға қарауға тыйым салынған ба?» деп сұраған Имамоғлу.
Прокурор соттан саясаткерді жеті жылға дейін түрме жазасына кесуді өтінген.
Басылым Имамоғлу 1 жыл 8 айға сотталғанымен, оған саясатпен араласуға тыйым салынбағанын ерекше атап өтті.
Ыстанбұл қаласының әкімі Экрем Имамоғлу 2025 жылғы наурызда жемқорлық жасады деген айыппен қамауға алынған. Содан бірнеше күн бұрын саясаткер 2028 жылы президент сайлауына түсетінін жариялаған.
Ыстанбұл басшысы ұсталған соң, Түркияда жаппай наразылық акциялары басталды. Сол кезде де оппозицияның ондаған мүшесі ұсталып, түрмеге түскен. Ал 20 маусымда саясаткердің адвокаты да қамауға алынғаны мәлім болды.