
Бейсенбі, 17 шілдеге арналған валюта бағамы анықталды. Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, қазір 1 АҚШ доллары 526,50 теңге тұрады. Ақша айырбастау пункттерінде доллар 529–530 теңгеден сатылып жатыр. Ұлттық валюта бір тәулікте 0,63 теңгеге құнсызданса, Биткоин қайтадан көтеріліп жатыр.
Ұлттық валюта тағы әлсіреді
Теңге алты күннен бері құнсызданып жатыр. Өткен аптаның аяғынан бері ұлттық валюта 8 теңгеге құнсызданды. Сәрсенбі, 16 шілдеде доллар тағы 0,63 теңгеге нығайып, 525,87 теңгеге жетті. Шамамен бір ай бұрын Құрама Штаттар валютасы 508 теңгеден саудаланған. Содан бері доллар шамамен 19 теңгеге күшейді.
Kurs.kz сайтының мәліметінше, Алматы қаласындағы ақша айырбастау мекемелерінде бір доллар 526,5 теңгеден қабылданып, 528,5 теңгеден сатылып жатыр. Астана қаласындағы валюта саудасы – 524 және 530 теңге.
Биткоин қайтадан көтерілді
Бірнеше күнге созылған тарихи раллиден кейін Bitcoin (BTC) кеше аздап арзандаған. Алайда бүгін криптовалюта қайтадан көтеріліп жатыр. Қазір BTC шамамен 119 мың доллар тұрады. Ол бір тәулікте 1,84%-ға қымбаттады.
Естеріңізге сала кетейік, екі күн бұрын Биткоин 123 мың доллар биіктікті бағындырған еді.
Биткоин капиталы да өсті – 2 трлн 269 млрд доллар. Бір күн бұрын оның нарықтағы құны бір тәулікте шамамен 100 млрд долларға кеміген, енді есесін қайтарып жатыр.
BTC ғана емес, басқа да криптовалюта түрлері көтерілді. Мәселен, Ethereum (ETH) бағамы шамамен 6,08%-ға артып, қайтадан биік межелерге қарай ұмтылды. Қазір ETH шамамен 3 151 доллар тұрады. Эфириум капиталы – 380 млрд доллардан асты. Капитал бір тәулікте шамамен 20 млрд долларға артты.
Binance Coin (BNB) токені де бір тәулікте 2,16%-ға күшейді. Ол қазір шамамен 693 доллар тұрады. BNB-дің нарықтағы құны – шамамен 96,6 млрд доллар.