Рәгәткімен тас атқан полиция қызметкері орнынан алынды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Рәгәткі ұстаған полиция қызметкері / ЖИ көмегімен дайындалған сурет

Рәгәткі ұстаған полиция қызметкері / ЖИ көмегімен дайындалған сурет

Абай облысында қарамағындағы бір қызметкерге рәгәткімен тас атқан полиция бөлімінің басшысы қызметтен алынды. Бұл туралы өңірдің полиция департаменті хабарлады.

Полиция қызметкерінің аша таяқпен, яғни рәгәткімен тас атқаны туралы видео әлеуметтік желілерде таралған. Оқиға полиция бөлімшесінің ғимаратында болған. Мәліметтерге қарағанда, тас атқан адам – Абай облысы Жарма ауданына қарасты Шар қалалық полиция бөлімінің басшысы Дәурен Әлжапаров. Ал қашып бара жатқан адам – оның қарамағындағы бір қызметкер.

Сол кезде өңірдің полиция департаменті осы оқиға бойынша тексеру жүріп жатқанын хабарлаған. Енді ол аяқталып, шешім шықты.

«Тәртіп комиссиясының шешімімен, Жарма ауданы Шар қалалық полиция бөлімінің басшысы қызмет этикасын бұзғаны үшін қызметтен алынды», – деп хабарлады департамент.

Ол қызметтен алынғанымен, ішкі істер органындағы жұмыстан шығарылмаған.

Сондай-ақ оқыңыз