АҚШ заңсыз мигранттарды Африканың оңтүстігіндегі Эсватиниге апарып тастады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Эсватини Африканың оңтүстігіндегі аграрлы ел / фото: shutterstock
Эсватини Африканың оңтүстігіндегі аграрлы ел / фото: shutterstock

АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігі түрлі елдердің иммигранттары мінген рейс Эсватиниге қонғанын мәлімдеді. Бұл туралы Reuters хабарлады. Эсватини патшалығы – Африканың оңтүстік-шығысында орналасқан ел.

Құрама Штаттар билігі ұшақ бортында зорлық-зомбылық әрекетке барған қылмыскерлер отырды деп мәлімдеді. Осының алдында ғана АҚШ Жоғарғы соты президент Дональд Трампқа заңсыз мигранттарды елден шығаруға рұқсат берген. Енді Ақ үй үшінші бір елдердің Құрама Штаттарда заңсыз жүрген азаматтарын жаппай депортациялай бастайды.

«Үшінші бір елдердің азаматтарын Африканың оңтүстігіндегі Эсватиниге жеткізетін рейс сол елге қонды. Олар әбден жабайыланғаны сонша, өз елдері де кері қабылдаудан бас тартқан», – деп мәлімдеді АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің өкілі Триша Маклафлин. Оның сөздерін Reuters таратты.

Маклафлин әлеуметтік желілерде Эсватиниге депортацияланған бес адамның аты-жөнін атады. Олар Вьетнам, Ямайка, Лаос, Куба және Йеменде туған. Құрама Штаттарда зорлық-зомбылық жасағаны үшін сотталған.

Бұған дейін мигранттарды штаттардан жер аударатынын 24 сағат бұрын ескертіп келсе, енді адвокат жалдауға бар болғаны алты сағат уақыт беріледі. Адам құқығын қорғаушылар Трамптың көші-қон саясатын сынап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз