Жаңаөзенде жарық беруді талап еткен саудагерлер жолды жапты

16 шілдеде Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы саудагерлер базарға жарық беруді талап етіп, жолды жапты. Бұл туралы жергілікті Lada.kz басылымы жазды.
Кәсіпкерлер қаладағы «Шаңырақ» базары мен «Заңғар» сауда үйінде электр қуатының жоқтығына наразы болған. Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан бірнеше адамның жол бойына ағаш үстелдер қойғанын, көліктер өте алмай тұрғанын байқауға болады.
Саудагерлер жарық мәселесіне биліктің назарын аудару үшін жолды жапқан. Жаңаөзен әкімдігі басылымға мәлімет берді.
«16 шілдеде қаладағы шағын электр құрылғысының бірі істен шығуына байланысты Шаңырақ ықшам ауданы мен Абай көшесінде сауда нысандарының бірқатары жарықсыз қалды. Олардың арасында «Заңғар» сауда үйі мен «Шаңырақ» базары да бар. «Өзенэнергияқызмет» кәсіпорнының мамандары желіні тексеріп, ақауды анықтады. Жөндеу жұмыстары аяқталды. Жарық берілді», – деп жауап берді әкімдіктегілер.
Қалалық билік түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Сонымен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күзет қойылған. Қазір жағдай тұрақты, деп хабарлады жергілікті басылым.