
«Backstreet’s back, alright!» — дәл осы сөздер магнитофоннан, телефоннан не телеэфирден талай айтылды. Жастық шағы 90-жылдары өткен қазақстандықтар мұны жақсы біледі. Backstreet Boys ол кезде поп-группа ғана емес, әлем мәдениетіне жол ашқан, эмоциялық тұрғыда есеюге сеп болған ұжым болды. Дебют жасағанына отыз жылдай уақыт өткен әйгілі топтың Қазақстанға бірінші рет келе жатқаны — тарихи әрі мәдени оқиға. Неге олай екенін талдап көрелік.
Поп-мәдениетке жаңа леп берген топ
Backstreet Boys тобының негізі 1993 жылы Флорида штатына қарасты Орландода қаланды. Бар болғаны төрт жылда олар әлемдегі ең танымал бойзбендке айналып шыға келді. Мысалы 1999 жылы шыққан Millennium деген альбомы 24 миллион данамен таралды. Ал 90-жылдардағы абсолют хит болған I Want It That Way хиті мен сол әнге түсірілген бейнебаян бүкіләлемдік топқа кірді. Осылайша сол жылдардағы ең үздік хиттердің қатарына кірді.
RIAA деректеріне сүйенсек, топ әлем бойынша 100 миллионнан астам әнжазба сатып, коммерциялық жағынан тарихтағы ең табысты ерлер ұжымына айналды. Бірақ Backstreet Boys тобының рекорд көрсеткіштерінен бөлек, поп-индустрияда саралап салған жолын да ерекше атап өту керек. Олардың өзіндік стилі, хореографиясы, продюсермен сәтті атқарған жұмысы, фан-мәдениет қалыптастырғаны, әлемдік турлар ұйымдастырғаны да — ауыз толтырып айтуға тұрарлық ерекшелік. Былайша айтқанда, солардың ізін жалғап, кейіннен қаншама бойзбенд шықты. NSYNC мен Blue тобынан бастап, BTS пен One Direction солардың салған жолымен жүрді десек, қателеспейміз.
Қазақстанға келе жатқанын не үшін тың оқиға дейміз?
Қарап отырсақ, бүгінге дейін Қазақстан мұндай деңгейдегі топтардың әлемдік турнелерінің тізімінде болмады. Әрине, жекелеген артистер, джаз орындаушылар, диджейлер Алматы және Астана қалаларына келіп, өнер көрсетіп жүр. Бірақ дәл осындай тарихи мұраға ие әлемдік поп-группаның елімізге концерт бергелі жатқаны — бірінші рет. Бұл біздің ел ретінде жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанымызды білдіреді. Сол сияқты Алматы мен Астанада Дженнифер Лопестің (JLO) концерт өткізетін болып шешкені де — дәл осындай тарихи оқиға.
Олай болса, Backstreet Boys тобының Қазақстанға келе жатқаны нені білдіретініне тоқталайық:
- Қазақстанды мәдени есейген, қалыптасқан нарық деп танып жатыр деген сөз.
- Халықаралық шоу-бизнеске ашық ел ретінде біліп, ел имиджі бекігенін білдіреді.
- Жергілікті концерт өткізумен айналысатын индустрияның ұйымдастырушылық жән техникалық мүмкіндігін жақсы бағалайды деген сөз.
- Дәстүр болып қалыптасуға жол ашылады. Осыдан кейін басқа да мықты әлемдік деңгейдегі әншілер мен топтар келіп, өнер көрсетуі мүмкін.
Ностальгия және жаңа трендтер
Негізі Backstreet Boys концертіне көбіне отыздан асқан, топтың клиптерін көріп, әндерін жатқа айтып, тыңдап өскендер жиналады десек те, бұл феномен ұрпақтан ұрпаққа жететіні анық. Себебі олардың әнін каверлер мен желіден тыңдап жүрген жасөспірімдер де әлемдік деңгейдегі іс-шараға баруға ынтық болатыны анық. Сапалы жұмысы, жанды дауысын құрметтейтін меломандар да табылады. Топ 90-жылдары жарқ етіп, артынша жоқ болып кеткен жоқ. Мысалы 2019 жылы DNA деген албомдары Billboard 200 тізімінде 1-орын алса, Don’t Go Breaking My Heart синглі Грэмми жүлдесін алды.
Концертке кімдер барады
Негізі көрермен қауымның құрамы әртүрлі болуы мүмкі. Яғни бұған дейін атап өткеніміздей, тек 30+ фанаттары емес, түрлі жастағы тыңдарманның басы қосылады деген болжам бар. Олай болса, шамамен топтастырып көрелік:
- Backstreet Boys тобының әндерін тыңдап өскен, солардың әндерінің мәтінін қалай естісе солай жазып жаттаған, журналда шыққан суреттерін қиып алып, қабырғаға жабыстырған, «осы топты тірідей көрсем ғой» деп армандаған 35-45 жас аралығындағы тыңдарман барады.
- Мұндай топ барын каверлерден, ТикТок трендтерінен, интернеттен білген 18-25 жас аралығындағы жастар баруы мүмкін.
- Балаларына «біз кезінде осы топтарды сүйіп тыңдағанбыз» деп көрсеткісі келетіндер отбасымен бірге баруы ғажап емес.
- Батыстың поп-мәдениетін жоғары бағалайтындар, музыканы жақсы көретіндер барады.
- Фонограмма тыңдаудан әбден жалыққан, жанды дауыста, сапалы аппаратурамен айтылатын әнге «шөлдеп» жүрген тыңдарман баруы ықтимал.
Мәдени ретротерапия
Психологтар кейінгі кездері «музылалық ретротерапия» туралы жиі айтып жүр. Жас кезде тыңдаған әндер, естеліктер көзден бұлбұлдай ұшқан айдентиканың қайта оралуына себеп болады дейді. Яғни адамға өзін жақсырақ түсінуге, сезінуге жол ашады.
Сондықтан Backstreet Boys сияқты топтардың концерттеріне барып, қосылып ән шырқағанда көңіл көтеріліп қана қоймайды, оған қоса әркім өз жүріп өткен жолын саралап, іштей анализ жасайды деседі.
Әсіресе, 90-жылдары экономикалық реформаны, кризисті, тұрақсыздықты көп көрген, мәдени ресурс тапшы кезде өмір сүрген ұрпаққа бұл – керемет терапия. Олардың хиттері – бала кездің саундтрегі, жасөспірім кездегі бұлқынған сезімдердің куәсі, алғашқы махаббатты еске салатын әуен. Енді сол CD-диск, кассетадан тыңдаған әндерді тірідей естігенде бірер сағатқа болсын бұрынғы «өзімен» жолыққандай сезімге бойлайды.
Болашақта отандық индустрияға қандай әсері болуы мүмкін?
Backstreet Boys концерті өте көп оң өзгеріске бастама болуы ғажап емес. Атап айтқанда:
- Қазақстанның стадион толы аудитория жиналатын, әлемдік стандартқа сай концерттер өткізуге қабілетті ел екенін көрсете аламыз. Осылайша промоутерлерге мүмкіндік ашылады.
- Әртістердің өзіне де көп нәрсе жаңалық болады. Бұрын тіпті естімеген елге келіп, фанаттары барын біледі.
- Әлемдік мәдениеттің бір бөлігі екенін сезініп, көрермен де қуанады. Сырттай ғана бақылай бермей, іштен көрген сезім ерекше болары анық.
Тобықтай түйін
Backstreet Boys тобының Қазақстанға келе жатқаны аңыз адамдардың қоятын концерті ғана емес, бұл елдің мәдени санасы өскенін көрсетеді. Бала армандардың орындалып, Қазақстанның жаһандық мәдени ландшафтының бір бөлшегі екенін мойындататын сәті. Концерт болатын күні тыңдарман хормен «Everybody, rock your body…» деп қосыла ән шырқаған сәтте көпшілігі драйвты сезері хақ. Сүйікті әнші һәм тобыңыздың әнін тыңдау үшін басқа елдегі турларды торуылдап жүрмей, өзімізге келіп жатқаны – бақыт.
Естеріңізге сала кетсек, бойзбенд концертіне билеттер сатылымға шыққаны туралы жазған едік.