
Қазнетте берекелі шаңырақтың үлгісін көрсетіп, бір-бірі үшін жаралғандай көрінетін әдемі жұп жетерлік. Kursiv.Media тілшісі кейінгі кездері желіде жағымды пікірге ие болып жүрген, отбасын құрғандарына көп болмаса да, жұртшылықтың жүрегін жаулаған 5 жұптың тізімін жасады.
Артур Асқарұлы & Замира Саидова
Қазақстандық медиакеңістікте кейінгі жылы өте көп талқыланған, көзайымға айналған жұптың бірі. Өткен демалыста дүркіретіп үлкен тойын өткізді. Артур — танымал блогер, еліміздегі алғашқы вайнерлердің қатарында. Кезінде Yuframe командасының құрамында болды. Қазір блогпен қатар, жеке кәсібін де жүргізіп отыр. Танымал журналист Гүлмира Дайрабайдың үлкен ұлы. Қалыңдығымен былтыр мұсылманша неке қиған.
Жалпы сүйіктісі Замирамен кездесіп бастағанын жариялаған сәттен бастап бірнеше сұхбат беріп, подкастқа қатысты. Оған қоса әлеуметтік желіде бірге түскен суреттерін жиі жариялап тұрғандықтан, көрермен көзайымына тез арада айналды. Екеуінің үйлесімі, бір-бірін түсініп, қолдайтыны жұртшылықты сүйсіндіреді. Қазіргі таңда Артурда — 997 мың, Замирада 43,5 мың фоллоуер бар.
Батырхан Мәліков & Вероника Жангалова
Батырхан Мәліков — көпшілікке Alem деген лақап атпен танымал әнші, Ninety One тобының мүшесі. Ал оның сүйіктісі — фэшн-блогер, инфлюенсер Вероника Жангалова. Жұп 2021 жылы шариғи жолмен некесін қиғанымен, көпке дейін қарым-қатынастары туралы ашық айтпаған еді. Былтыр қыркүйекте ұлды болды.
Alem өзінің декретке шыққанын, бала бағып үйде отырғанын жасырмай айтып жүр. Оған қоса, әйелінің жұмыстары шығып қалған кезде іс-шараға шақырып қалса, кішкентайын ертіп апарады. Отбасының екі адамның жауапкершілігі екенін насихаттап, үлгі болып жүрген жұпты осы шынайылығы басқалардан ерекше етеді. Батырханда — 326 мың, Вероникада 169 мың фоллоуер бар.
Сәкен Қағаров & Айжұлдыз Адайбекова
Сәкен Қағаров — танымал алматылық тревел-блогер. Forbes 30 under 30 тізіміндегі экстремал, даунхилл эксперті. Айжұлдыз Адайбекова — актриса, дизайнер, белгілі әнші Жанар Айжанованың қызы. Жұп жарнамаға түсуге барғанда танысқан.
Былтыр Сәкен сүйіктісіне Исландияда сөз салып, елді таң-тамаша қылған. Биыл жыл басында мұсылманша неке қиып, сәуірде ерекше той өткізді. Жақында жұп сәби күтіп жүргенін жариялап, сүйінші сұрады. Көзқарасы ерекше, стилі үйлесімді, басқаша ойлайтын жұп отбасылық үйлесім үлгісін көрсетіп жүр. Сәкенде — 372 мың, Айжұлдызда 1,2 млн оқырман бар.
Ғазрет Ержанов & Кәмшат Жолдыбаева
Ғазрет Қажымұқанұлы— танымал актёр, ал Кәмшат Жолдыбаева белгілі әнші, KeshYou тобының алтын құрамындағы экс-мүшесі, бірқатар қазақстандық фильм мен сериалдың басты рөлін сомдаған актриса. 2023 жылы Кәмшатқа сырға салынғаны туралы ақпарат желіге салынған еді. Бірақ жұп отбасылық өмірі жайлы көп айта бермейді. Кәмшаттың да тұрмысқа шыққалы бұрынғы белсенділігі бәсеңдеп қалған болатын. Бұған әншінің фанаттары наразы болып, Ғазретке «өкпесін» де білдіріп қояды.
Десе де, кейінгі кездері Жолдыбаева жаңа бизнес бастап жатқанын айтып, қайтадан блогын жандандыра бастады. Жыл басында Ғазрет пен Кәмшат қызды болды. Екеуін жұртшылық «қазақтың Бред Питі мен Анжелина Джолиіне» теңейді. Қазір Ғазретте — 97,5 мың, Кәмшатта 2,9 млн оқырман бар.
Тимур Балымбетов & Лаура Балымбетова
Тимур — көпке белгілі продюсер әрі тележүргізуші, сүйіктісі Лаура тұрмысқа шыққанға дейін желіде белсенді болмаған. Бірақ екеуін жұп ретінде танығалы бері Лаура да блогын белсенді жүргізе бастады. Екеуі 2020 жылы ресми түрде отбасын құрды. Бүгінде Иса және Диас есімді екі ұлы бар. Бұл жұпты көпшілік бір-біріне деген құрметі, шынайылығы үшін жақсы көреді. Әсіресе, кеңесіп, бір-бірінің ойына құлақ асатын қасиетін ерекше бағалайды. Отбасылық жұп жиі бірге саяхаттайды, іс-шараларға қол ұстап барады. Бала тәрбиесі туралы ойлары да өте саналы. Қазір Тимурда — 191 мың, Лаурада 27,6 мың фоллоуер бар.
Естеріңізге сала кетсек, өткен демалыста өткен Артур Асқарұлы мен Замира Саидованың тойын тікелей эфирден 50 мың адам тамашалағанын және беташарға қонақтардың миллиондап ақша салғанын жазған едік.