Тимур Турлов Қарағандыдағы футбол академиясының құрылысына 12 млрд теңге жұмсамақ

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қарағандыда футбол академиясы жобасының таныстырылымы өтті / Фото: Freedom QJ League

Қарағанды облысының әкімдігінде Freedom Holding Corp әзірлеген Балалар мен жасөспірімдерге  арналған заманауи футбол академиясын салу жобасының тұсаукесері өтті. Freedom Holding Corp акционері, Freedom QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов 2028 жылы қолданысқа берілетін академияның жоспарын  аймақ әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа таныстырды.

Жоба құны қанша

Академия құрылысына бөлінген жер телімі 9 гектардан, жалпы құрылыс ауданы 28 мың шаршы метрден асады. Жоба толығымен Freedom Holding Corp. компаниясының қаржысы есебінен жүзеге асырылады. Құрылыс құны 11–12 млрд теңге шамасында бағаланып отыр.

Фото: Freedom QJ League

Тимур Турловтың айтуынша, мұнда балалар кәсіби спорттың машықтарын үйреніп қана қоймай, сапалы білім де алып шығауға болады. Ол үшін барлық  жағдай жасалған.

«Біз бұл жерден болашақ ұлттық құраманың мүшелері шығатынына сенеміз. Қарағанды облысы – жеңіске деген жігер мен мінез тәрбиелеудің нағыз мектебі. Бұл өңірде спорт жақсы дамыған.  Бір ғана мысал,  дәл осы Қарағандының «Шахтер» клубы еліміздің футбол тарихындағы жарқын белестердің бірін жазып, Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан болатын. Сондықтан академия жаңа буын спортшылары үшін шабыт пен дамудың бастауына айналады деп сенеміз»,–деді холдинг басшысы сөз басында.

Не себепті Қарағандыда

 Академияны басқару жеке сектор мен жергілікті билік өкілдерінің серіктестігі арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ Тимур Турлов академияның не себепті Қарағандыда салынатынын түсіндіріп өтті

«Freedom Holding және серіктес жобаларымыз Қарағанды облысымен тығыз әрі сәтті байланыс орнатып келеді. Біздің қаржылық және сақтандыру бағыттарымыз, сондай-ақ бірқатар инфрақұрылым жобалары дәл осы өңірде белсенді дамуда. Мұнда Teach for Qazaqstan бағдарламасы да алғаш рет жүзеге аса бастады. Білім басқармасының қолдауымен бұл жобаға 6 мыңнан астам оқушы тартылған. Сонымен қатар Қарағанды «Білім беру жүйесіндегі шахмат» бағдарламасын енгізуде көш бастап келеді. Бүгінде өңірдегі 18 мектепте 700-ге жуық оқушы шахмат сабағын оқып жүр», – деді ол.

Фото: Freedom QJ League

Ермағанбет Бөлекпаев Freedom компаниясымен жарты жылдан бері академия құрылысы бойынша нәтижелі жұмыс жүрігізіліп жатқанын атап өтті. Соның алғашқы маңызды қадамы мемарондумға қол қоюмен жалғасты. Әкім аталмыш академияның Қарағанды спорты үшін маңызы зор болатанын айтады.

Бұл – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, бастамашыл компания. Бүгін біз маңызды кезеңді аяқтадық – «Шахтёр» футбол академиясын салу жөнінде меморандумға қол қойдық. Балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту – біздің басты мақсатымыз. Бұл жолда мемлекет пен жеке сектордың ресурстарын біріктіруге дайынбыз. Жоба ауқымды, мен оның өңір тұрғындарына үлкен тарту болатынына сенемін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Фото: Freedom QJ League

«Жаңа академия заманауи талаптарға толық сай болады және Қарағанды футболының дамуына жаңа серпін беріп, елімізге жаңа есімдер мен жарқын жетістіктер сыйлайды деп сенемін», – деді әкім.

Кездесу соңында Тимур Турлов Ермағанбет Бөлекпаевқа бірлескен ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, оған QJ League All Star командасы мен сербиялық «Црвена Звезда» тәрбиеленушілері арасындағы жолдастық матч кезінде киілген эксклюзивті футболканы естелік ретінде табыстады.

Фото: Freedom QJ League

Футбол академиясы қандай болады?

Академияда жыл бойы жұмыс істейтін жабық манеж, бірнеше мың көрерменге арналған стадион, жылытылатын жаттығу алаңы, ұлдар мен қыздарға арналған интернат, медициналық бөлімдер мен өзге де қажетті инфрақұрылым қарастырылған.

Ал академияның әкімшілік-тұрмыстық кешенінде интернат тұрғын үйі, оқу сыныптары, ұлдар мен қыздарға арналған  бөлмелер, спорт зал, гимнастикалық зал, массаж және физиотерапия кабинеттері бар сауна кешені болады. Сондай-ақ 120 орындық асхана, әдістемелік және конференциялық бөлмелер, медпункт, санитарлық және қызметтік бөлмелер де қарастырылған.

Фото: Freedom QJ League

Жаңа стадион халықаралық стандарттардың талабына толықтай сай болады. Бұдан бөлек көрермендерге де ыңғайлы жағдай жасалады.  

Манеж бен жаттығу алаңының көлемі – 105×68 метр. Жалпы алғанда, кешен аумағында үш футбол алаңы салынады. Бұл жыл бойы үздіксіз жаттығу мен жарыстарды емін-еркін өткізуге мүмкіндік береді. Баскетбол мен волейболға арналған алаңдар, балалар ойын аймағы, воркаут алаңдары да акадмеия аумағында орналасады.      

Сондай-ақ оқыңыз