Бишімбаевтың інісі рақымшылыққа ілігуге өтініш берді

Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін сотталған Бақытжан Байжанов амнистияға ілігуге өтініш білдірген. Ақпаратты Жоғарғы соттың баспасөз қызметі растады.
«9 шілдеде Бахытжан Байжанов амнистия туралы заңға сәйкес жазаны қысқарту туралы өтінішпен Степногорск аудандық сотына жүгінген. Бұл өтінішті қарау күні әлі белгіленген жоқ», – делінген ақпаратта.
2024 жылдың 13 мамырында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Байжановты 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты.
Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толуына орай сотталған 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Ішінде 2 мыңға жуық адам бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылады. ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Баймағанбетовтің сөзінше, қазір санау жұмыстары жүріп жатыр.