Куә Перизат Қайраттың қор қаражатын қалай қолма-қол ақшаға айналдырғанын айтып берді

Перизат Қайрат пен анасына қатысты сот процесі барысында куә Әділхан Мусин Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қайырымдылық қорына түскен қаражатты қалай қолма-қол ақшаға айналдырғаны туралы мәлімет берді. Айтуынша, ол мұны Перизат Қайраттың өтініші бойынша орындаған.
Мусин Перизат Қайратты 2014 жылдан бері өзінің әйелі арқылы танитынын айтты. Перизат Қайрат оның әйелімен дос болған. Ол қор туралы әлеуметтік желіден емес, сотталушымен әңгіме барысында естіген. Нақты айтқанда, қордың пандемиядан кейін құрылып, қайырымдылықпен айналысқанын білген.
«2023 жылдың соңы мен 2024 жылдың басында Газа секторындағы жағдайға байланысты Қазақстан тарапынан гуманитарлық көмек көрсетілді. Ақпан-наурыз айында біз Палестина, Газа туралы сөйлестік. Рамазан айы келе жатқан еді, сол себепті Газа халқына қайырымдылық акциясын ұйымдастыру жоспарда болды», – деді Мусин.
Алайда одан кейін екеуінің арасында бұл тақырып көтерілмеген. Тек 2024 жылдың көктемінде Мусин әпкесінен зардап шеккендерге Қытайдан тауар қажет екенін естіген. Бұл іспен қордың айналысып жатқанын білген. Содан кейін Перизат Қайратпен кездесіп, оған киіз үйлер, биодәретхана және өзге де тауар қажет екенін білген. Сотталушы сол кезде бұл тауарды жеткізетіндер бар екенін айтқан.
Алайда Перизат Қайрат куә Мусинге қытайлық кәсіпкерлердің тек қолма-қол ақша қабылдайтынын айтқан. Сол себепті шоттағы ақшаны шешу қажет болған.
Мусин бұған көмектесе алатын адамдар таба алатынын айтқан.
«Көмектесе алатын адам іздейтінімді жеткіздім. Артынша бірнеше кәсіпкер досыммен байланыстым», – деді ол.
Оның айтуынша, екі кәсіпкер досы әрі қарай өз таныстарын да тартқан. Барлық мәміле заңды түрде жүргізілуге тиіс болған. Мұны Перизат Қайраттың өзі де талап еткен.
«Мен заңгер емеспін, бірақ барлық тауар мен қызмет заңды рәсімделуі керек еді. Нақты айтқанда, тауарды Қытай тарапы жеткізуге тиіс болды. Бірақ уақыт тығыз еді. Сондықтан Перизат ұсынған жоспар бойынша әрекет еттік. Жеткізушілер бар, оларға қолма-қол ақша керек, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру қажет болды. Біз сендік», – деді Әділхан Мусин.
Куә алғашқы келісімдер ауызша болғанын, ал құжаттар сол уақытта немесе кейін рәсімделгенін айтты. Қаражат жеке кәсіпкерлердің есепшотына түскеннен кейін, олар банкке қолма-қол ақша шешу туралы өтініш жазып, ақшаны Мусинге беріп отырған.
Айта кетейік, бұған дейін сотқа сотталушы иелік ететін Rebel Flowers гүл дүкенінің бұрынғы иесі Лейла Троицкая қатысты. Сол кезде Перизат Қайраттың гүл дүкені арқылы ақшаны жылыстатқан болуы мүмкін екенін айтылды.