Перизат Қайрат қолма-қол ақшаны ала дорбамен алып кетіп отырған

Перизат Қайрат Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорына түскен қаражатты ала дорбамен алып кетіп отырған. Бұл туралы куә Әділхан Мусин айтты.
Бұған дейін ол қор қаражатты қалай қолма-қол ақшаға айналдырып отырғанын айтқан.
Айтуынша, Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорына түскен қаражат жеке кәсіпкерлердің есепшотына аударылған.
«Барлық ақша алдымен маған жиналатын. Кейін мен оны Перизат Қайратқа тапсыратынмын», – деді куә.
Оның сөзінше, орта есеппен бір жеке кәсіпкердің шотына 70 млн теңгеден аударылған. Іске шамамен 12-13 жеке кәсіпкер тартылған.
«Бірінші транш кезінде 2-3 жеке кәсіпкер арқылы шамамен 200 млн теңге қолма-қол алынды. Бұл қаржыны Перизат Қайраттың өзі келіп алып кететін. Ақшаны ыңғайлы болу үшін үлкен қытай сөмкелеріне салып беретінбіз», – деді куә.
Айта кетейік, 14 шілдеде Астана сотында Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша айыптау актісі оқылды.