Перизат Қайрат хор дирижері мамандығына түскен, бірақ оқуын аяқтамаған

Астана қаласындағы ауданаралық сотта прокурор Мәдина Оразалина сотталушы Перизат Қайраттың білімі туралы деректерді жариялады.
Прокурордың айтуынша, сотталушы Ақтау қаласындағы №10 жалпы білім беретін мектепті бітірген.
«Оқу үлгерімі туралы табель бар. 2024 жылдың 23 тамызында аттестатты жоғалтуына байланысты ХҚКО-ға жүгінген. Қолда 9-сыныпты аяқтағаны туралы аттестат бар», – деп мәлімдеді Оразалина.
Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы тарапында сотталушының колледжде білім алғанын растайтын құжаттар бар. 2007 жылы Перизат Қайрат Маңғыстау облысындағы өнер колледжіне оқуға түскен. Ол кезде оның тегі Қасенғалиева болған.
«Касенғалиева Перизат «Хор дирижері» факультетіне қабылданған. Алайда колледжді аяқтағаны туралы диплом жоқ», – деді прокурор.
Айта кетейік, 14 шілдеде Астана сотында Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша айыптау актісі оқылды. Алайда ол өзіне тағылған айыпты мойындамай, айыптау актісін тергеушілердің қиялынан туған деп атады.