Перизат Қайрат қорға түскен ақшаның қайда жұмсалғанын айтты

Астана сотында Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. 17 шілдедегі сот отырысына Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкері Жанерке Сатқанбекова қатысты.
Әйел бұл мектепте 10 жылдан бері жұмыс істейтінін, су тасқыны кезінде ақша жинап, көмек көрсету туралы ой пайда болғанын айтты. Осылайша мектеп әкімшілігі, ата-аналар және оқушылар ақша жинаған. Қаражатқа Жанерке Сатқанбекова жауапты болған. Нәтижесінде «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорының шотына 2024 жылдың 10 сәуірінде 2 900 396 теңге аударған.
Содан кейін сотқа қатысушыға Перизат Қайраттың адвокаты Асланбек Дәулетьяров бірнеше сұрақ қойды. Жанерке Сатқанбекова өзінің 10 мың теңге қосқанын, қалған қаражат басқа ата-аналардың, мектеп әкімшілігінің ақшасы екенін айтты.
«Мен мектептің өкілімін. Менің шотымнан аударылған соң, арызды мен жаздым. Қолымда мектеп пен әкімшіліктің сенімхаты жоқ, өйткені мен жеке тұлға ретінде жібердім», – деді ол.
Перизат Қайрат арыз жазу үшін нақты дерек болуы керек екенін айтты. Жәбірленуші Жанерке Сатқанбекова: «Бәрі жазды, мен де жаздым. Қалғанын сот анықтайды. Біз (ақша жинау үшін – ред.) жәрмеңкеде бұйымдар саттық, бәліш пісірдік. Маған да ауыр тиді», – деді.
«Біз де су тасқыны кезінде көп жұмыс істедік. Ақшаңыз мақсатты түрде жұмсалды», – деді Перизат Қайрат. Жәбірленуші мұны да сот анықтайтынына сілтеп, қысқа жауап қайырды.
Айта кетейік, бұған дейін сот отырысына Назарбаев зияткерлік мектебінің ата-аналар комитетінің төрайымы Сәуле Қуандықова қатысты. Ол 2024 жылдың 15 сәуірінде 901 855 теңге көлеміндегі ақшаны «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорына аударғанын айтты.