
Агромаман Кирилл Павлов киік санын реттеу мақсатында атылып, ет комбинаттарына өткізілетін жануар етінде түрлі ауру болуы мүмкін екенін ескертті.
Ол Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінің бағасын келісіне 1600 теңге деңгейінде ұсынғаны сиыр етінен әлдеқайда арзан болғанымен, ол ет қауіпті болуы ықтимал деп санайды. Маман киік етінде кездесетін ауру түрлерін санамалап шыққан:
Бруцеллёз – буындарды, ішкі ағзалар мен жүйке жүйесін зақымдайтын созылмалы жұқпалы ауру. Ол жабайы тұяқтылардың еті арқылы жұғады, ал киік – осы аурудың басты тасымалдаушыларының бірі. Қазақстанда жыл сайын жүздеген адам осы дертке шалдығады.
Гельминттер (құрттар) – киік ондаған паразиттің тасымалдаушысы болуы мүмкін:
- Трихинелла – ағзаға түскен соң бұлшықет, жүрек және өкпені зақымдайды. Өлімге әкеп соғуы мүмкін.
- Эхинококк – бауыр мен миға киста түзіп, жылдар бойы белгі бермей жүріп, кейін операцияға немесе өлімге әкеледі.
- Аскарида мен нематода – іштің созылмалы ауруы, қаназдық, аллергия туғызады.
- Лямблия мен криптоспоридиялар – ішек паразиттері. Кесек етті далалық жағдайда бөлгенде, әсіресе ішкі ағзалармен жұмыс істегенде етке түседі. Соңы – диарея, улану, салмақ жоғалту, әлсіздік. Балалар мен қарттар үшін өте қауіпті салдарға соқтыруы мүмкін.
Маманның айтуынша, дала жануары ветеринарлық бақылаудан өтпейтіндіктен, оның ауырған-ауырмағаны, қайда жайылғаны, қай аймақтан өткені беймәлім. Бір белгілісі – оған ешқандай вакцина салынбаған.
«Далалық жағдайда санитария мүлде жоқ – еттің шабылған, бөлшектелген және сақталған орны – дала. Бұл да қауіпті фактор. Мұндай еттің қайдан шыққаны белгісіз. Сіз ешқашан бұл жануарды кім, қашан, қайда атқанын және еттің тексерілгенін білмейсіз. Етті қадағалау жүйесі жоқ», – дейді ол.
Кирилл Павлов киік еті сырттай ғана «сиыр етіне арзан балама» сияқты көрінетінін, іс жүзінде – бұл лотерея екенін атап өткен.
«Бір рет сатып алып, жылдарға жететін аурулар жиынтығын «ұтып» алуыңыз мүмкін. Зертханалық талдау, санитарлық талаптар мен толық термиялық өңдеусіз бұл – тағам емес. Бұл – биологиялық қауіп«, – дейді ол.
Агромаман киік етін жемес бұрын жоғарыдағы ауруларға ақша төлеуге дайын болу керегін ескертеді.
Бұған дейін, Батыс Қазақстан облысы аумағында киік санын реттеу жұмыстары ресми түрде басталғанын хабарлағанбыз.