Алматыда енді ашылатын мекеменің атауынан жік шықты

Алматыдағы Достық даңғылының бойында ашылғалы жатқан шағын кафенің атауы желіде шу тудырды. Мекеме Lenina 36 деген атау алған.
Кафеге мұндай атау берілгеніне қарсы тарап мекеме орналасқан даңғыл көптен бері «Достық» деп аталатынын басшылыққа алған.
Қолдаушы тараптың пікірі мекеме даңғылдың бұрынғы атауын алғанда тұрған не бар дегенге саяды.
Одан бөлек тараптар Владимир Лениннің тарихи тұлға ретіндегі маңызы мен оның әрекеттерінің зардабын айтып, кафе басшылығының шешімі төңірегінде дауласып жатыр.
Шешімді қолдаушылар мекемеге баруға шақырса, наразы жақ аяқ аттап баспауға үндейді.
Қолдаушылардың дені даңғылды бұрынғыша айтуға үйреніп қалғандықтан, бұдан еш әбестік көрмейтінін жеткізген.
«Алматылық жергілікті тұрғындар үшін бұрын да Ленин көшесі болды, қазір де бар, бола да береді. Әсіресе сол Ленин көшесінде тұратындар үшін. Бұл – факт», – деп жазған «Nova.mellon» деген қолданушы.

Ал наразы топ атау бүгінгі жағдаймен қабыспайтынын, арандатушылық тудыратынын тілге тиек етеді.
«Ленин – бұл империялық, авторитарлық және отарлық саясаттың символы. Оның есімін қолдану, әсіресе қазіргі жағдайда, не арандатушылық, не тарихи сауатсыздық. Ол – ел үшін бейтарап тұлға емес, оның есімі көптеген қайғы мен зорлық-зомбылықпен байланысты», – деп жазған shakir_islambakiyev деген қолданушы.

Атауға қатысты дау 2gis сервисінде де жалғасып жатыр. Қолдаушылар мекемеге 5 жұлдыз қойып, рейтингін көтеруге тырысса, қарсы тарап 1 жұлдық қойып төмендетуге талаптанып жатыр.