Алматының сыртқы қарыз алу лимиті 2,3 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтылды

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия және Моңғолия елдері бойынша басқарушы директоры Хусейн Озханмен кездесу өткізді.
Тараптар қалалық инфрақұрылымды жаңғырту саласындағы ынтымақтастықты тереңдету және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылаған.
Дархан Сатыбалды Алматы Қазақстандағы инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің бірі болып қала беретінін атап өткен. Соңғы үш жылда мегаполиске тартылған инвестиция көлемінің жылдық орташа өсімі 16% болған. Халықаралық Fitch агенттігі Алматының кредиттік рейтингін «BBB+» деңгейінде растаған, бұл ЕҚДБ желісі арқылы да сырттан қаржы тартуға қолайлы жағдай жасайды.
Кездесу барысында экологиялық көлік жобаларын жүзеге асыруға арналған «жасыл» облигация шығару, оның ішінде LRT құрылысы, электроавтобустарға арналған инфрақұрылым құру және тартқыш қосалқы станцияларды жаңғырту сияқты қазіргі және келешектегі бастамалар талқыланған.
Сонымен қатар Алматыда халықаралық қаржы институттарынан тікелей қарыз алу мүмкіндігі бар екені атап өтілді. 2025 жылы қаланың сыртқы қарыз алу лимиті 2,3 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтылған. Бұл «жасыл» қаржыландыру механизмдерін белсенді енгізуге және қалалық ортаның сапасын арттыруға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.
Кездесу соңында тараптар стратегиялық әріптестікке қызығушылық танытып, Алматының тұрақты дамуы аясында одан әрі өзара іс-қимылға дайын екендіктерін білдірген.
Бұған дейін, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Достық даңғылын Абай даңғылынан әл-Фараби даңғылына дейінгі аралықта кешенді жаңғырту жұмыстарының барысын көріп қайтқанын хабарлағанбыз. Жаңғырту жұмыстарына 2,35 млрд теңге бөлінген.