
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Абай даңғылынан әл-Фараби даңғылына дейінгі аралықтағы Достық даңғылын кешенді жаңғырту жұмыстарының барысын көріп қайтты.
Бұған дейін бұл аумақтың тротуары тар болып, көлік бейберекет қойылып келген. Күтімсіз жасыл желегі көзге бірден түсетін. Әкімдік енді бұл жер заманауи әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістікке айналатынына сендіріп отыр.
Жаңғырту жұмыстары 4,18 гектар жерді қамтып, ұзындығы 1,5 шақырымды құрамақ.
Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолы жаңартылып, жаңа сквер салынып,
шағын сәулеттік нысандар орнатылады. Тротуар кеңейтіліп, тұрғындарға ыңғайлы заманауи автотұрақ жасалмақ. Сондай-ақ, спорт алаңдары мен жаңа ағаштар отырғызылып, жасыл аймақтар көбеймек.
Жаңғырту жұмыстарына 2,35 млрд теңге бөлінген.
Жобаны «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты әзірлеп, ол
мемлекеттік сараптамадан оң бағасын алған.
«Дархан Сатыбалды атқарылып жатқан іске жоғары талап қойып, жұмыстың белгіленген мерзімде және сапалы орындалуға тиіс екенін айтты. Ол Алматы көшелері қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы да заманауи болуы қажет екенін ерекше атап өтті», – делінген әкімдік хабарламасында.
Бұған дейін, Алматының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына жаңа басшы тағайындалған.