Полиция Талғар тас жолын жасырын патрульдей бастады

Алматы облысында жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті учаскелерде, соның ішінде Талғар бағыты бойынша жолдарда полицейлер цифрлық технологиялар көмегімен жасырын патрульдеу жүргізуді бастады.
Мұндай рейдтер «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүзеге асып жатыр.
Полицияның мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс аумағында 1447 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осыған байланысты өңірде жол апаттарының алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылданып, техникалық мүмкіндіктер белсенді түрде пайдаланылу үстінде.
Талғар тас жолында бірнеше техникалық құралдарды қамтитын жасырын патрульдеу жүйесі енгізілген:
- Дрондар – әуеден қауіпті маневрлер мен қарсы бағытқа шығу жағдайларын бақылап түсіреді;
- «Ekin Patrol» жүйесі – көлік нөмірлерін автоматты түрде анықтап, жылдамдықты асыру, техникалық байқаудан өтпеу, сақтандыру полисінің болмауы секілді құқық бұзушылықтарды тіркейді;
- Жасырын патрульдер – арнайы белгілері жоқ автокөліктер, олар нақты уақыт режимінде жүргізушілердің әрекеттерін бақылап, полицияның тікелей қатысуынсыз өрескел заң бұзушылықтарды тіркей алады.
– Қазіргі технологиялар жағдайды алдын ала болжауға және оған әсер етуге мүмкіндік береді. Жүргізушілер әдетте стационарлық бекеттер мен патрульдік көліктерге үйреніп қалған. Ал жасырын патруль нақты жолдағы жағдайды ашып көрсетіп, ауыр салдардың алдын алуға көмектеседі, – деді ІІМ өкілдері.
Полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған технологиялар – әрбір азаматтың амандығына кепілдік беретін құрал екенін атап өтеді.
Бүған дейін, елде жол-көлік оқиғалары күрт артқаны хабарланған. 2025 жылдың 6 айында елде 15 698 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54 пайызға артық.