Италиялық компания өндіріске арналған қарасора жобасын іске қосуды жоспарлап отыр

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Италиялық компания өндіріске арналған қарасора жобасын іске қосуды жоспарлап отыр
Италиялық компания өндіріске арналған қарасора жобасын іске қосуды жоспарлап отыр/Фото: shutterstock

Астанада «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасарлары Азамат Қожанов пен Мадияр Сұлтанбек италиялық Unione Coltivatori Italiani (UCI) ұйымының президенті Марио Серпилломен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанда техникалық қарасора өсіріп, оны терең өңдеу арқылы тоқыма, құрылыс материалдары мен дәрі-дәрмек өндіруге бағытталған инвестициялық жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін талқылаған. Бұл бағытта заманауи агротехнологиялар қолдану көзделіп отыр.

Италиялық тарап бұл салада UCI ұйымының Италиядағы табысты тәжірибесін таныстырған. Әсіресе, тұрақты егіншілік технологияларына, тұйық өндірістік тізбектер құруға (май, талшық, биоматериалдар өндірісі), сертификаттау мен лицензиялау жүйесіне және медицина, косметология, тоқыма мен құрылыс салаларына маманданған ғылыми-зерттеу мекемелерімен ынтымақтастыққа ерекше назар аударылған.

Қазақстандық тарап халықаралық ынтымақтастыққа қызығушылық танытып, агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыруда техникалық қарасора саласының, әсіресе фармацевтика, биоэнергетика және жеңіл өнеркәсіп бағыттарында зор әлеуетке ие екенін атап өткен.

Жоба аясында әр өңірде 100 гектарға дейінгі жер телімдерінде агротехнологияларды кезең-кезеңмен сынақтан өткізу, кейіннен оны кеңейту көзделіп отыр. Өсіруге ұсынылған қарасора сорттары халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс – құрамындағы тетрагидроканнабинол (ТГК) деңгейі 0,3%-дан аспауы қажет. Бұл оның психоактивті әсерін жоққа шығарып, өсімдікті техникалық шикізат ретінде тануға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар UCI делегациясының Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға келіскен. Сапар барысында уәкілетті мемлекеттік органдармен, даму институттарымен кездесулер өткізіліп, жобаны іске асыру үшін әлеуетті өңір таңдалмақ.

Бұған дейін, Солтүстік Қазақстанда инвестор заңды негізде қарасора өндіре бастайтынын хабарлағанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз