Жедел жәрдем шұғыл шақыртуға 8,8 минутта келеді – ДСМ

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Жедел жәрдем шұғыл шақыруға 8,8 минутта барады - ДСМ
Жедел жәрдем шұғыл шақыртуға 8,8 минутта барады – ДСМ/Фото: ДСМ

Бірінші жартыжылдықта жедел медициналық көмек қызметі 4 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсеткен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Министрлік кеш орындалған шақыртулардың үлесі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық – 4,3%-дан 2,6%-ға дейін төмендегенін айтады.

«Инсульт және инфаркт сияқты өмірге қауіп төндіретін жағдайларда шұғыл көмек барған сайын жедел көрсетілуде. Қалалардағы инсультпен ауыратын науқастардың 98%-ға жуығы алғашқы 40 минут ішінде өмірді сақтау және функцияларды қалпына келтіру үшін маңызды «алтын сағат» шегінде мамандандырылған орталықтарға жеткізілді. Сондай-ақ бригадалар жедел миокард инфарктісімен 14 мыңнан астам шақыруға қызмет көрсетті», – делінген ДСМ хабарламасында.

Шақырулардың негізгі себебі: тыныс алу ағзаларының аурулары, жүрек-қан тамырлары және неврологиялық аурулар, жарақаттар, улану, инфекциялық және акушерлік жағдайлар.

Ел бойынша шұғыл қызметтің жұмысын 1 579 көшпелі бригада қамтамасыз етеді, оның ішінде қалаларда 979 бригада, ауылдық жерлерде 600 бригада жұмыс істейді. Қосымша емханалардың жанынан шұғыл 3-4-санаттағы шақыртуларға қызмет көрсету үшін 882 бригада ұйымдастырылған.

Қызметтің кадрлармен қамтылуы 86,5%-ға жеткен. Оның ішінде дәрігерлердің үлесі 77,4%-ға дейін өскен.

Жедел жәрдем паркінде 2 469 көлік бар. Жарты жылдың ішінде өңірлерге, оның ішінде МЖӘ және лизинг тетіктері арқылы 84 жаңа автомобиль түскен.

Министрліктің мәліметінше, шұғыл (1-ші) санат бойынша шақыруға келудің орташа уақыты – 8,8 минут. Шұғыл емес шақырту уақыты 12-ден 26 минутқа дейінгі аралықта.

«Бұл стандарттарға сәйкес келеді және жоғары жүктеме жағдайында қызметтің тұрақты жұмысын көрсетеді. ЖКО бойынша шақыруларға ерекше назар аударылады. Мұндай өтініштер бірінші жартыжылдықта 20 мыңнан астам болды. Апат орнына келудің орташа уақыты – 8 минут», – дейді министрліктегілер.

Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем қызметін дамыту және жаңғырту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыратынын атап өткен.

Сондай-ақ оқыңыз