Жаңалықтар

Жетісу облысында жаңа оқу жылында 1- сыныпқа 13 мыңға жуық бала қабылданады

Жетісу облысында жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 13 мыңға жуық бала қабылданады
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жетісу облысы бойынша бүгінгі күнге дейін ата-аналардан баласын 1-сыныпқа қабылдау туралы 9700-ден астам өтініш түскен, деп хабарлады Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Жалпы алдағы жаңа оқу жылына өңірдегі 315 жалпы білім беретін мектептің бірінші сыныбына 13 мыңға жуық бала қабылдау жоспарланған.

1-сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірден басталған. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 9717 өтініш түссе, соның 77% жуығы мемлекеттік тілде оқуға өтініш берген. Бұл ретте 3429 өтініш, яғни ең көбі облыс орталығы Талдықорған қаласынан түсіп отыр.

Ата-аналар баланың құжаттарын электрондық үкімет еgov.kz веб-порталы арқылы тапсыра алады. Балалар бірінші сыныпқа алты жастан бастап ата-анасы немесе заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады.

Қажетті құжаттар:

  • Портал арқылы өтініш тапсыру үшін ата-аналардың немесе басқа заңды өкілдердің өтініші;
  • «Профилактикалық екпелер картасы»
  • № 065/у нысанды және «Бала денсаулығының паспорты»
  • № 052-2/у нысанды медициналық анықтамалар;
  • баланың 3х4 см өлшеміндегі цифрлық фотосуретi

Құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.

Бұған дейін, республика бойынша мектепке құжат өткізген 273 мың оқушының 70%-ы қазақ тілінде оқуды таңдағанын хабарлағанбыз.