Lifestyle

Алакөл: 2025 жылдың жазындағы бағалар қандай

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алакөл — Қазақстанның жазғы туризміндегі ең танымал аймақтың бірі. Емдік қасиетімен танылған бұл көлге жазда демалушылар ағылып келеді. Әсіресе, көлдің Жетісу облысындағы жағалауы — Ақши мен Көктұма ауылдары демалыс үшін сұранысқа ие. 2025 жылы бұл бағыттағы демалыс орындары бағаларын жаңартып, қызмет сапасын да арттыра түскен. Біз Ақши мен Көктұма ауылдарындағы биылғы нақты бағалар мен ұсыныстарды жинап шықтық.

Ақшидегі қонақүй бағасы

Ақши – Алакөлдің оңтүстік жағалауындағы танымал демалыс аймағы. Мұндағы қонақүй мен отельдер түрлі талғам мен бюджетке сай келеді. Мәселен, Alakol Ocean демалыс орнында бір адамға бір түн 16 000 теңгеден басталады. Көлге жақын орналасқан, табиғат аясындағы тыныш орын.

Aqshi Resort демалыс орны 2025 жылы бағасын жаңартып, стандартты 2 адамдық бөлмеге 23 000 теңге (шілде) белгілеген. Балаларға жеңілдік бар.

Ал балаларға арналған ойын алаңдары, монша мен бассейн іздесеңіз, Atlantis кешені лайық. Мұнда баға 42 000 теңге шамасында, көрсететін қызмет түрі де көп.

Тағы бір нұсқа – Aquamarine Resort. Бұл жерде суға шомылып қана қоймай, сауна мен үлкен бассейнде демалуға болады. Бір тәуліктің бағасы маусымына байланыс 24 мың теңгеден басталып, 48 мың теңгеге жетеді.

Сәл жоғары деңгейлі нұсқа керек болса, Grand Villa-ны қарастыруға болады. Мұнда бір тәулікке түсу құны 200 000 теңге шамасында. Бұл ақшаға таңғы ас кіргенімен, түскі және кешкі ас бөлек төленеді.

Ақшиде сонымен қатар Africana, Аласу, Admiral, Poseidon сияқты заманауи базалар бар, олардың көбінде бассейн, SPA, жеке жағажай, балалар бөлмесі қарастырылған.

Көктұмада да ұсыныс көп

Көктұма — Ақшиге қарағанда тыныштау, отбасымен демалуға жайлы аймақ. Мұндағы демалыс орындарының бағасы сәл арзандау.

«Көктұма» пансионаты – бұл аймақтағы танымал және ірі демалыс орындарының бірі. 2025 жылы мұнда бір адамға тәуліктік баға маусым мен тамыз айларында 11 000 теңгеден басталып, шілде айында 14 000 теңгеге дейін көтеріледі. Бұл бағаға 3 мезгіл тамақ, жайлы жатын орын, жағажайға тікелей шығу, Wi-Fi және ойын алаңдары кіреді.

Осыған ұқсас қызмет ұсынатын тағы бір база – «DemSu» демалыс орны. Мұнда жайлылық деңгейі біршама жоғары, әсіресе балалар мен ересектерге арналған ашық бассейні бар. 2025 жылғы жазғы маусымда «DemSu»-дағы стандарт нөмірдің бір адамға арналған бағасы 14 000 теңгені құрайды. Бұл базада да тамақтану мен жағажайға шығу бағамен бірге ұсынылады.

Жаңа ашылған және заманауи стандарттарға сай салынған «Qonaq Resort» демалыс орны да Көктұмада ерекше сұранысқа ие. Мұндағы тәуліктік баға – 18 000 теңге, сонымен қатар мұнда балалар үшін 30%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған.

Ал арзандау демалыс іздегендер үшін «Акжол», «Береке», «Зодиак» және «Асуан» сияқты пансионаттар тиімді нұсқа бола алады. Бұл базаларда баға 12 000–15 000 теңге аралығында, маусым кезеңіне байланысты өзгеріп отырады. Оларда да стандартты қызмет тамақтану, жатын орын, жағажай, балалар алаңы ұсынылады.

Қалай жетуге болады

Алакөлге жетудің бірнеше жолы бар, әрқайсысы бағасы мен қолайлылығына қарай ерекшеленеді. Алматыдан Алакөлге барудың ең жылдам әрі жайлы тәсілі – ұшақпен ұшу. SCAT Airlines, Qazaq Air әуе компаниялары Алматы мен Талдықорғаннан Үшарал немесе Үржар қалаларына тікелей рейс ұсынады. Алайда қазір билет табу қиын.

Алакөлге жетудің тағы бір кең таралған тәсілі – теміржол көлігі. Алматыдан Ақши немесе Көктұма станцияларына дейін жолаушылар пойызымен баруға болады. Бұл бағыттағы билет бағасы шамамен 17 мың теңге.

Автобуспен баруды қалайтындар үшін Алматыдағы Сайран автовокзалынан Алакөлге тікелей қатынайтын маршруттар бар. Біржақты жол ақысы шамамен 9 500 теңгені құрайды. Бұл бағытта да жағалауға жету үшін қосымша такси қажет.

Алакөлге апаратын жол толықтай жөнделген соң жеңе көлігімен баратындардың қатары да көбейген.

Алайда биыл демалушылар мен кәсіпкерлердің де Алакөлге қатысты сыны көбейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Алакөл  туристерді қабылдауға дайын емес деп, жұмысты үйлестіре алмаған өңір әкімдерінің жұмысын сынға алды.

Десе де жергілікті билік Алакөл жағажайын Түркия мен Мысыр үлгісінде дамытуды жоспарлап отыр. Көл жағасына халықаралық қонақүй, эко-үйлер мен демалыс кешендерін салу үшін қытайлық инвесторлар тартылмақ.