
Еуразиялық ресурстық тобының (ERG) негізін қалаушылардың бірі, 72 жастағы Патох Шодиев Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз түсірген. Ол «Еуразия қаржы компаниясы» директорлар кеңесінің 2 маусымдағы шешімін жарамсыз деп тану және акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын мәжбүрлі түрде шақыруды» талап еткен.
Алайда компания директорлар кеңесінің 2 маусымдағы шешімінің нақты мазмұны ашық жарияланбаған. Ал Шодиевтің талап-арызы туралы хабарлама Қаржылық есептілік депозитарий сайтында орналастырылған. Шодиев – құрамына «Еуразиялық банк» пен «Евразия» сақтандыру компаниясы кіретін «Еуразия қаржы компаниясының» (ЕФК) 33% акционері.
Шодиевтің талабы қандай?
Шодиев өз талап-арызында акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын мәжбүрлі түрде шақыруды да талап еткен. Ал Шухрат Ибрагимов болса оған қарсы. Ол да 2025 жылғы 23 маусымда ЕФК-ға қарсы арыз түсіріп, директорлар кеңесінің шешімдерін заңды деп танып, сол шешімдерді орындаушы талап еткен.
Шухрат Ибрагимов – компания директорлар кеңесінің мүшесі әрі марқұм Алиджан Ибрагимовтың ұлы. Оның анасы Мукадасхан Ибрагимова да осы компания акционерлерінің бірі.
Бұған дейінгі дау неден шықты?
Наурыз айында Kursiv.Media басылымы Шодиев пен Машкевичтің ЕФК-ны сатқысы келгенін, ал Ибрагимовтар отбасының бұған қарсы болғанын жазған.
Сол кезде де тараптар соттасып, соның нәтижесінде сот Шодиевтің пайдасына шешім шығарып, наурыз-сәуір айларына жоспарланған акционерлер жиналысын өткізуге тыйым салған. Жиында компанияны сату мәселесі талқылануға тиіс болған.
Осы дау аясында Financial Times 2025 жылғы мамырда Шухрат Ибрагимовтің ERG-дегі үлестерді Шодиев пен Машкевичтің мұрагерлерінен сатып алуды жоспарлап отырғанын жазды. Дегенмен Ибрагимов бұл ақпаратты жоққа шығарды.
ERG – Қазақстандағы ең ірі тау-кен металлургия холдингі. Оның 40%-ы ҚР Қаржы министрлігіне, 20,7%-ы Машкевичтің мұрагерлеріне, тағы 20,7%-ы Ибрагимовтар отбасына, ал 18,6%-ы Патох Шодиевке тиесілі. Қазір ERG-нің бас атқарушы директоры қызметін Шухрат Ибрагимов атқарады.