Қостанайда 64 млрд теңгеге құрғақ порт салынады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қостанайда көлік-логистика кешені ашылады / Фото: primeminister.kz

Қостанайда «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің құрылысы ресми түрде басталды. Жоба – Қазақстанның солтүстігіндегі ең ірі инфрақұрылым жобалардың бірі.

Кешеннің жалпы аумағы – 133,6 гектар. Инвестиция көлемі – 64 млрд теңге. Жоба «Кедентранссервис» АҚ қатысуымен, «Өндірісті дамыту қорының» қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

«Тобыл» кешенінің жылдық өткізу қуаты – 400 мың жиырмафуттық контейнер (немесе 11 млн тонна жүкке дейін). Кешен іске қосылған соң 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Жұмысқа логистика, IT, қызмет көрсету салаларындағы мамандар тартылады.

Нысан 2027 жылы толық пайдалануға беріледі. Онда кедендік рәсімдеу, қоймалар, терминалдар, IT және сервис аймақтары шоғырланады. Бәрі «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істемек.

Кешен Қытай, Орталық Азия, Түркия, Иран, Ауғанстан және Еуропа бағытындағы халықаралық дәліздерге біріктіріледі. Бұл қадам транзиттік тасымал мен экспортқа бағытталған өндірістердің дамуына серпін береді.

2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан арқылы транзит көлемі 16,8 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға артық. ТЛК «Тобылдың» іске қосылуы бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз