АЭС құрылысы жеделдетіледі: «Қазақстандық атом электр станциялары» агенттікке өтті

Қазақстанда атом электр станциясын салу жобасы жаңа серпін алмақ. 2025 жылғы 28 сәуірдегі Мемлекет басшысының №861 Жарлығына сәйкес, «Қазақстандық атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ҚАЭС) Атомдық энергия жөніндегі агенттікке ведомстволық бағынысты ұйым ретінде берілді.
Бүгінде ҚАЭС-тің жарғылық капиталындағы 100% үлесі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі болып қала бермек. Дегенмен, жобаны жедел жүзеге асыру және серіктестіктің жұмысын уақыт создырмай бастау мақсатында Қор мен Агенттік арасында сенімгерлік басқару шарты жасалды.
Аталған шарт бойынша, ҚАЭС-ті стратегиялық және операциялық тұрғыдан басқару құқығы Агенттікке берілді. Яғни, енді атом энергетикасы саласындағы негізгі шешімдер осы құрылымның құзырында болады.
Агенттік мәліметінше, ҚАЭС-тің республикалық меншікке өтуі бойынша да дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл қадам елдегі атом энергетикасы саласын орталықтандырылған түрде дамытуға мүмкіндік береді.