
Танымал продюсер әрі актриса Баян Алагөзова жаңа киножобадағы рөлімен бөлісіп, желідегі оқырмандарына фильмнің атауын алғаш рет ашық айтты. Бұл жолы көпшілікке үйреншікті болған қалалық әйел бейнесін ауыл дәрігерінің қарапайым болмысына ауыстырды.
Алагөзова Instagram парақшасында түсірілім алаңынан кадрлармен бөлісіп, бұл фильмнің Олжас Ибраевтың режиссерлік жобасы екенін атап өтті. Картинаның атауы – «Қызым». Фильмде Баян басты рөлді сомдайды және бұл кейіпкер үшін образын түбегейлі өзгерткен.
Түсірілім жұмыстары Екібастұз және Павлодар қалаларында өткен. Актрисамен бірге экранда Ерболат Алқожаев пен Әбунасыр Серіков те бой көрсетеді.
Бұдан бөлек, Баян Алагөзова Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтан алған алғыс хатын да жариялады.
«Сізге және шығармашылық ұжымыңызға зор табыс, шабыт, отбасы амандығы мен гүлдену тілеймін. Облысымызда жүзеге асырып жатқан жобада сәттілік серік болсын», – делінген әкімнің хатында.
Жаңа туынды көрермен назарына қашан ұсынылатыны әзірге белгісіз, бірақ фильмге қатысты алғашқы мәліметтер-ақ көрерменнің қызығушылығын оятты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Баян Алагөзова екі сәбиінің жүзін көрсеткен еді.